×

Түркия Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдады

Бұл - тарихтағы әскери блокқа кірудің ең жылдам процесі

 Дәурен Ерболат 29.06.2022 | 09:23
Фото: AP

Биыл 28 маусымда Мадридте Финляндия президенті Саули Ниинисте Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссонмен кездесті, деп хабарлайды РИА Новости.

Кездесудің өтуіне НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг ықпал еткен.

Кездесу нәтижесінде 3 елдің Сыртқы істер министрлігі үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл Мадриттегі саммитте Түркияның Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуын қолдайтынын көрсетеді, - деп жазылған Финляндия президентінің кеңсесі таратқан хабарламада.

Солтүстік Атлантикалық альянс (НАТО) одақтастары алдағы екі күнде аталған мемлекеттерді одаққа қосу мәселесін талқыға салады.

Сондай-ақ Түркия президентінің кеңсесі Финляндия мен Швеция Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясын және ислам уағызшысы Фетхуллах Гүлен ұйымын (FETÖ) қолдамауға, әрі түрік қорғаныс өнеркәсібіне қарсы эмбарго саясатынан бас тартуға уәде бергенін мәлімдеді.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің айтуынша, Финляндия, Швеция және Түркия қол қойған қауіпсіздік туралы келісім екі жаңа елдің одаққа қосылуына мүмкіндік береді. Ол бұл тарихтағы әскери блокқа кірудің ең жылдам процесі болып саналатынын жеткізді.

Ертең мемлекет басшылары Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуы туралы шешімді қабылдайды… Кейін әр астанада бұл шешімді ратификациялау процесі басталады, - деді Йенс Столтенберг.

 

Еске салайық, биыл Швеция мен Финляндия Украинадағы соғысқа байланысты НАТО-ға қосылатынын мәлімдеді. Ал 18 мамырда одаққа кіруге өтініш берді. Түркия олардың одаққа кіруін қолдаған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама