Өлекселер арасында шағаланың 3 түрінен басқа құстар жоқ
Атырауда Қашаған кен орнының жасанды аралдарында шағала жаппай қырылып жатыр. Мамандар бір апта бұрын олардың 1 мыңнан астамының өлгенін байқаса, кеше 5 мыңға жеткен. Бұл туралы НСОС компаниясының мамандары хабарлады.
Дереу комиссия құрылып, Қашанған кен орнының жасанды екі аралы мен «Ақ Жайық» резерваты аумағынан сынама алынған. Бір қызығы, өлекселер арасында шағаланың 3 түрінен басқа құстар жоқ.
Қазір инспекторлар өлекселерді жинап, өртеп жатыр. Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаровтың айтуынша, комиссия қорытындысы бір аптадан соң белгілі болады. Алғашқы сынама қорытындысы бойынша, шағалалар құс тұмауынан қырылған деген болжам жасалып отыр.