«Жарты млрд теңге қарыз»: Петропавлда автопарктер автобус қозғалысын тоқтатуға мәжбүр
Қазір әкімдік ақша іздеп жатыр
Петропавл қаласының автобус парктері өткен жылдың жарты миллиард теңгеге жуық субсидиясын ала алмаған.
Шенеуніктер 2021 жылы жолаушылар тасымалына 450 миллион теңге бөлінді деп отыр. Бірақ былтырғы субсидия барлық шығынды өтеуге жеткіліксіз. Автопарктер лизингке жаңа автобустар сатып алған. Оның әрқайсысының бағасы – 40 миллион теңге.
Оған қоса, билет сатудың жаңа жүйесі енгізілді. Сол кезде шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар бағдарлар мен жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін субсидия беруді уәде еткен. Оның барлығы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен рәсімделген келісімшартта көрсетілген. Алайда лизингтік төлемдердің мерзімі келгенде шенеуніктер ақша жоқ деп шыққан.
Кәсіпкерлер қарызды қалай қайтарарын білмей дал. Берешекті кейінге шегеруге тағы болмайды.
Біз ақша жағынан қиналып отырмыз. Салық жағынан қиындық бар, зейнетақы төлемдерін аудара алмай жатырмыз. Уақытында аударылмаған төлемдер үшін қосымша шығын болады, - дейді кәсіпкер Бауыржан Құсайынов.
Әкімдік жарты миллиард теңгеге қарыздың не себепті өскенін түсіндірді. Былтыр жанар-жағармай мен қосымша бөлшектердің бағасы көтеріліп, облыстық бюджеттен қосымша қаржы сұрауға тура келген.
Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбековтің айтуынша, облысқа бірнеше рет өтініш жіберіліп, құжаттар ұсынылған.
Оған қоса, бізде аудит болған. Сол кезде ешқандай тәртіп бұзушылық анықталған жоқ. 467 миллион теңге форс-мажор деуге болады. Әрине, біз өзіміз қала бюджетінен ол ақшаны төлей алмаймыз, - дейді ол.
Қазір әкімдік ақша іздеп жатыр. Ал автопарктер қаржы аударылмаса, қоғамдық көліктің жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз дейді.