Онда балаларды сатып алғысы келетін отбасылардың да хабарландыруы жарияланған
Алматы қаласының прокуратурасы балаларды сату туралы хабарландырулар орналастырылған шетелдік сайтты анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Прокуратура мәліметінше, сайтта жаңа туған нәрестелерінен бас тартқысы келетін жас әйелдердің және балаларды асырап алғысы келетін адамдардың хабарландыруы жарияланған.
Осыған байланысты Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінді.
Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды. Материалдар Қылмыстық кодекстің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда нәресте сату, оны заңсыз асырап алу қылмыс болып саналады. Егер күдіктінің айыбы сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылады.