Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді

Дастан Жұмабекұлы

Үкіметтің қаулысы шықты

фото: aircharter.kz

Қостанай халықаралық әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.

Әуежайға ұлт ұстазының атын беру туралы Үкіметтің қаулысы шықты.

Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі беру туралы бастаманы әуежайдың ұжымы көтергенін айтты.

Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аясында республикалық және облыстық жоспарлар бар. Бүгінде көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бір маңыздысы — Қостанай қаласындағы халықаралық әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы шешім. Бұл бастаманы көтерген — әуежайдың ұжымы. Одан бөлек осы ұсынысты қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері түрлі жерлерде айтып жүрді. Сондықтан ол ұжымның талқысына салынып, қолдау тауып, тиісті рәсімдерден өткізілді. Енді әділет органдарына құжат ресми тіркелгеннен кейін халықаралық әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілетін болады, - деді басқарма басшысы.

Ерлан Қалмақовтың айтуынша, Қостанай қаласында орналасқан бірнеше мектеп ұжымы оқу ордасына Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс жасаған.