Қазақстанда алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесі бастау алды

Динара Амантай

Онда 50-ден астам мамандық бойынша 1320 бос жұмыс орны ұсынылды

Фото: Halyq Uni

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 27-29 маусым аралығында өтетін Электрондық еңбек биржасындағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін ашты. Бұл туралы ЕХӘҚМ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Министр өзінің құттықтау сөзінде еңбек жәрмеңкесі жас мамандарға отандық экономиканың флагманы саналатын кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.

Электрондық еңбек биржасының арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1 мыңнан астам жастың еліміздің ірі кәсіпорындары ұсынған 50-ден астам кәсіпті қамтитын 1320 бос орынға жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Осы еңбек жәрмеңкесін қолдаған барлық компанияларға алғысымды білдіремін. Осындай іс-шараға алғаш рет қатысып отырған жастарға: асықпаңыз, қорықпаңыз, бүгін сіздің күніңіз, – деді Тамара Дүйсенова.

27 маусым күні еңбек жолын енді бастағалы отырған жас мамандарға арналған еңбек жәрмеңкесі аясында «Тиімді жұмыс іздеу» тақырыбында мастер-класс ұйымдастырылып, онда қатысушыларға мамандар түйіндемені қалай жазу керектігін, жұмыс берушілермен кездесуде өзін қалай ұстау, қандай сәттерге назар аудару қажет екенін үйрету жоспарланып отыр.

27-29 маусым аралығында әр жұмыс беруші өз компаниясын таныстырады. Онда жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері және т.б. туралы айтылады. Бірқатар жұмыс іздеушімен тікелей эфирде онлайн-әңгімелесу өткізіледі.

Онлайн еңбек жәрмеңкесі аясында бос жұмыс орнын ұсынған жұмыс берушілердің арасында Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығына кіретін кәсіпорындарды, Kaspi.kz, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «КАТКО» БК ЖШС, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Евразия групп Казахстан» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС компанияларын және тағы басқаларын атап өтуге болады.

Ведомтсво баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер халықтың түрлі топтары үшін ай сайын ұйымдастырылады.