Әлеуметтік желіде «музей Назарбаевтың мүсінін алып тастады» деген мәлімет тарады
Halyq uni тілшісі Ұлттық музейдің ресми өкілі Айдар Қырықбайдан осы мәселеге қатысты пікірін білген еді.
Серік Абас-шахтың әлеуметтік желідегі тараған фотосына байланысты нақты айтатыным, ол - жалған ақпарат. Өйткені ескерткіш ешқайда қозғалған жоқ. Елбасының мүсінін алып тастады немесе басқа бір бұрышқа қойып қойды деген - жалған. Ол орнында тұр. Сондықтан да ол кісі (Серік Абас-шах) суретті қайдан алғанын біз нақты білмейміз. Мүмкін ол ескерткішті орнататын кезде түсірілген фото шығар. Оның желіге салып қойған дерегі, фотосының бәрі шындыққа жанаспайды, - деді Айдар Қырықбай телефон арқылы.
Музейдің ресми өкілі мүсіннің орнында тұрғанын көрсете аламын деп сендірді.
Бұған дейін Серік Абас-шах «...Арыстанбек Мұхамедиұлы Нұрсұлтан Назарбаевты орнынан алып, бірдеңе бүлдірген бала құсатып (теріс қаратып) бұрышқа тұрғызып (дұрысы отырғызып) қойыпты» деп жазба қалдырған болатын.
Атап өтсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні Ұлттық музейде 2018 жылы 10 шілдеде қойылған екен.