Қатарынан үш рет жеңіске жеткен «Ақтөбе» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді
Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 15-туры мәресіне жетті. Аталған турдағы басты ойын «Астана» мен «Ақтөбе» клубтарының арасында өтті.
Кездесу барысында ақтөбелік футболшылар жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде 18-минутта Видемонт Уго есеп ашса, Шина 33-минутта басымдықты арттыра түсті. Оған елордалық клубтан Аслан Дарабаев 43-минутта бір голмен жауап қайырды. Ойынның 73-минутында ақтөбелік клубтан Әлібек Қасым пенальтиді мүлтіксіз орындаса. Максим Самородов 95-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша, «Астана» қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Қатарынан үш рет жеңіске жеткен «Ақтөбе» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал «Астана» жеңілгеніне қарамастан біріншіліктегі бірінші орынын сақтап қалды.
Сондай-ақ, аталмыш турда Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында қостанайлық «Тобылдан» 1:3, «Каспий» «Тұранға» 0:2 есебімен жол берді. Ал «Тараз» бен «Қайрат», «Мақтарал» мен «Атырау» 1:1 есебіне қанағат білдірді. «Ақжайық» өз алаңында «Ордабасыдан» 0:1 есебімен жеңілсе, «Ақсу» мен «Шахтер» 1:1 есебімен тең түсті.