Алматыда мемлекеттік туды қоқыс шығару үшін қолданған (ВИДЕО)

Қанат Атаманов

Мемлекеттік туды қадірлеу - әр қазақстандықтың парызы

Фото: видеодан скриншот

Мемлекеттік туды қадірлеу - әр қазақстандықтың парызы. Десе де, соңғы жылдары туымызды аяқ астына тастап, қоқыс таситын жағдайлар орын алуда. Бүгін әлеуметтік желіде тағы да Қазақстанның тумен қоқыс шығарып жатқан видео тарады.

Видео авторының айтуынша, бұл оқиға Алматының Жетісу ауданындағы Бөкейханов көшелерінің қиылысында өткен сенбіліктен кейін болған. Бұл видеодан мемлекеттік тудың қоқыс шығаруға арналған қаптың орнына қолданылғанын көруге болады.

Соңғы кезде мемлекеттік рәміздерді қорлау фактілері көбейген. Мәселен, мамыр айының соңында Shiza деген қазақстандық әнші сахнаға мемлекеттік туды алып шығып, балағат сөз айтқаны қоғамда дау туындауына себеп болды. Концерттен үзінді әлеуметтік желіде кең таралып, қазақстандықтардың наразылығын тудырды.

Қазақстандықтарға 2020 жылға дейін туды, тіпті, балконға ілуге де рұқсат берілмеген. Сол жылы мемлекеттік рәмізді өз балконнына ілгені үшін 396 400 теңге айыппұл төлеген азамат бұл шешіммен келіспей, әлеуметтік желі қолданушыларының қолдауына ие болып, әділетсіз заңмен күресуге кірісті. Нәтижесінде Қазақстанда туды қолдану ережелері қайта қаралды.

Қазақстанның Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті таныту, еліміздің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

Айта кетсек, тудың өлшеміне қарамастан, ол ұлттық стандартқа сәйкес болуы керек екенін ескеру қажет. Туды жеке және заңды тұлғалардың ұлттық стандарт талаптарын бұзып пайдалануына жол берілмейді.

Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін айыппұл қарастырылған. Мемлекеттік туды қорлау нысанасы ретінде пайдалануға болмайды.