Қайрат Құдайберген тергеу қапасында отырғанына үш ай болды
Кәсіпкер, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергеннің қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен тергеу қапасында отырғанына үш ай болды.
Кәсіпкер тергеу қапасында қандай жағдайда отырғаны туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазған.
Түрмеге қарағанда тергеу изоляторында отыру әлдеқайда жаман. Сондықтан ол жерде заң бойынша 1 ай түрмедегі 1,5 аймен тең. ҰҚК тергеу изоляторында тек камерадағы адаммен сөйлесуге рұқсат. Екі адам 2х5 метрлік камерада отырмыз, — деп жазады Қайрат Құдайберген.
Оның айтуынша, бұл жердегі әжетхана мен төсек өте ыңғайсыз, адамға арналып жасалмаған.
Осындай адам төзгісіз жерде «қылмыс жасады» деген күдікке ілінген адамдар отыр. «Күдікті» ғана болсаңыз да, жағдайлары кәдімгі түрмедегі қылмыскерлерден нашар. Тергеу изоляторларында жұмыс істейтін адамдар да жүйені өзгерту керек екенін айтады, - дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергенды Қаңтар оқиғасы бойынша ұстаған еді.