×

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалығы жайылымды бөлісе алмай жүр

Бұған жекенің қолындағы мал санының өсуі себеп дейді аудандық атқамінерлер

 Халық үні 26.06.2022 | 07:28
фото: egemen.kz

Ақтөбе облысының Көктоғай ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері  мал жаятын жерді  көрші шаруа қожалығымен бөлісе алмай жүр, деп хабарлайды Астана арнасы. 

Көктоғайлықтар ферма иесі өрістің көп бөлігін заңсыз иемденіп алды дейді. Ал, қожалық басшысы арадағы араздыққа басқа мәселе себеп екенін айтады. Көктоғай ауылында 80 шақты үй бар. Тұрғындар малмен күнелтіп отыр.  «Бұрын сиырды ауыл маңына жаятын едік. Екі жыл бұрын жайылым аумағы әжептәуір қысқарды дейді жұрт. Себебі, бір кәсіпкер шаруа қожалығын ашып, олардың жерін иемденіп алған көрінеді.  

«Малымызды бағатын жер жоқ. Қайда барсақ та, малды әкетіңіз, бұл біздің жеріміз деп қуып шығады. Қожалық иесі өз малын ауыл үстімен суға апарады. Мен араздаспайық, малды ауыл арасымен айдамаңыз деп өтіндім. Ұлтарақтай жерде біз бұзау  бағамыз. Ал, оның малы таптап өтеді. Соның кесірінен шөп өспей қалды», - дейді ауыл тұрғыны Любовь Мартыненко.

Ауыл халқы бұл мәселені ауылдық, аудандық әкімдікке барып айтқан. Тіпті, облыстық прокуратураға  арызданған. Бірақ, билік өкілдері шаруа қожалығының ісі заңға сай, бәрі дұрыс деп шығарып салатын көрінеді. Ал шаруа қожалығы басшысының өз шындығы бар. Ол мал бағатын 970 гектар жерді заң аясында алдым дейді. 90 миллион теңгеге ірі қара мал сатып алып,  ферма ашқан. Кәсіпкер ауыл жеріне қол тигізбедім, малымды ауылдан алыс жерде бағып жатырмын деп ақталды. Ал, тұрғындармен арасындағы араздықтың себебі - басқада дейді.

 «Менің алғаным ауыл жері емес, шаруа қожалығының жері. Ауыл жақтан көрінбейді. Малым ауылға кірмейді. Ауру жұқпасын деп, әдейі ауылдан алыс әкеттім. Былтыр аусылмен ауырып, біраз мал қырылды. Маған жала жауып жатыр. Қысым көрсетіп, бизнесімді тартып алмақшы», - дейді қожалық иесі Данияр Ғалиханов.

Ал, аудандық әкімдік өкілі Көктоғай ауылдық округінде 4 мың гектар жайылым жер бар дейді. Бұның өзі үш ауылдың қажетіне жетпей жатыр. Бұған жекенің қолындағы мал санының өсуі себеп дейді аудандық атқамінерлер.

 «Халық малды бір жерде асырағысы келмейді. Бестамақ, Бесқопа ауылдарында жайылым жер жетіспейді. Ондағы жұрт малды ауладан шығармай бағып жатыр. Бәріне жер жетпейді», - деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Арман Бошанов.

Әкімдіктегілер тұрғындардың қорасындағы мал басын шектей алмаймыз дейді. Бірақ бос жатқан телімдерді реті келгенде ауылдың жайылымына қосып отыратынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама