Halyq Uni логотип
×

Болат Назарбаев кәсіпкерді сотқа берді

Кәсіпкер 15 жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне 60 миллион долларға жуық ақша аударған

 Халық үні 26.06.2022 | 01:35
Болат Назарбаев кәсіпкерді сотқа берді
Коллаж: turkystan.kz

Тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев «Алматы Стекло» зауытының бас директоры Әзім Абдуллаевты сотқа берді.

Orda.kz сайтының жазуынша, кәсіпкер бұған дейін бизнесті рейдерлік басып алудың құрбаны болдым деп мәлімдеген.

Әуезов ауданының № 2 аудандық сотына Болат Назарбаевтан ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз түсті. «Сотқа дейінгі хаттаманы дайындаумен татуластыру рәсімі» 27 маусымға белгіленген.

Сәуірдің басында Абдуллаев 2006 жылы ашылған кәсіпорын кірісін Болат Назарбаевпен бөлісуге мәжбүр болғанын айтты. Айтуынша, оған барлық бизнес нысандарынан ай сайын 300 мың доллар төлеп тұрған. Осылайша 15 жыл ішінде Абдуллаев Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне 60 миллион долларға жуық ақша аударған.

6 Сәуірде «Алматы Стекло» компаниясының 200 қызметкері жаңа құрылтайшыға құжаттарды қайта рәсімдеуге келген Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің қол астындағы адамдардың басып кіруіне наразылық білдірді. Оған Болат Назарбаев бизнестегі өз үлесін ұсынған. Зауыт жұмысшылары оларды ішке кіргізбей, кетуге мәжбүр етті.

Зауытта 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Ол жылына орта есеппен 100 миллион түрлі бөтелкелер мен консервілер шығарады. Зауыт жылына 5 миллион долларға жуық табыс әкеледі.

15 сәуірде Антикор рейдерлік басып алу фактісі бойынша тергеуді бастағаны белгілі болды.

Еске салайық, 20 маусымда Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйеліне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болды. Істің қозғалуына «КАРУАН» ЖШС құрылтайшысы Нұрша Кәкеновтің рейдерлік әрекет туралы арызы себеп болғаны хабарланды. Бұл туралы ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігі растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама