×

Мұнай халықтың қазынасы болса, оған неге шетелдіктер ие?

90-шы жылдардың қателігін Жаңа Қазақстанның Үкіметі де түзете алмауы мүмкін

 Халық үні 26.06.2022 | 00:20
Коллаж: ulysmedia.kz.

Таяуда "Россия-24" телеарнасына сұхбатында Тоқаевтан ресейлік журналист жаңа Конституция бойынша "жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі" болса, онда неге сол ен байлыққа кілең шетелдіктер иелік етіп отырғанын сұрады.

Мемлекет басшысы 90-шы жылдардың басында Қазақстан үшін тұйықтан шығар басқа жол болмағанын алға тартты.

"Өйткені біз шетелдік инвестициялық қауымдастық үшін Terra incognita болдық. Сондықтан Үкімет сол кезде шетелдік инвесторларды осылай шақыруға мәжбүр болды. Қазақстанға бірінші келген ірі инвестор – америкалық Chevron, ол Үкіметпен бірлесіп, елдің батысындағы Теңіз ірі кен орнын жекешелендіріп, игере бастады. Теңіз кен орнын мұнайшылар Қазақстанның тәжіндегі гауһары деп атайды. Жақсының жақсылығын айтайық, америкалықтар біршама табысты жұмыс істеуде", – деп еске салды Қ.Тоқаев.

Әйткенмен оның бағалауынша, сол тұста бекітілген контрактілердің шарттары тек сол заманның талабына сәйкес келеді. 

"30 жыл бұрын түсінік басқаша еді. Біз әрбір ірі шетелдік инвестордың экономикамызға келуіне қуанатынбыз. Шетелдік инвестицияларды тартуды реттейтін заңдар болмады. Сол жылдары Өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) ақылға қонымды болып көрінді. Алайда қазір ойын ережелерін өзгерте салу заңдылыққа қайшы, тіпті еліміздің ұзақ мерзімді мүдделері тұрғысынан мүлдем оғаш, абсурдты болар еді. Бірақ түзетулер сөзсіз болады. Біз бүгінде осы мәселемен ақырындап айналысып жатырмыз", – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.

90-шы жылдары Қазақстан басшылығы шетелдік ірі инвесторларға қазақ жерінің жерасты байлығын – қара алтынын ӨБК схемасымен үлестірді. Сарапшылар бұдан Қазақстанның қатты ұтылғанына назар аудартып келеді. Себебі ондай келісім бойынша республика инвестордың кен орнын игеруге жұмсаған барлық шығынын өндірілген мұнаймен өтейді. Содан қалғаны ғана акционерлер арасында бөліске салынады. Салдарынан, шетелдік инвесторлар өз шығынын шектен тыс өсіріп, оның құрамына ойына келгенді қосатын болды. Мысалы, бұрынғы шақырылымдардағы Парламент депутаттары ӨБК аясында Қазақстан өтейтін шығындарға тіпті шетелдік қымбат демалыстар мен саяхаттар, тікұшақ жалдау және басқа қаптаған шығындарын қоса беретіні ашық айтылды. Инвесторлар бөтелкедегі ішетін суын да шетелдін тасып ішетін болған. 

1993 жылы Қазақстан Үкіметі мен америкалық "Шеврон" арасында осындай келісім бекітіліп, "Теңізшевройл" (ТШО) бірлескен компаниясының құрылуын бертінге дейін билік пен оның шашбауын көтерген сарапшылар "Ғасыр жобасы" деп дәріптеп келді. Теңіз – еліміздегі ең оңай алынатын мұнай кен орны болып табылады. Қарашығанақ, Қашаған кен орындарында мұнай тым тереңде, 5 мың метр тұңғиықтағы жер қыртыстарында аса жоғары қысыммен жатыр.

Сарапшылар америкалық инвестор Теңіздің мұнайын тауысып, бір-ақ кететініне сенімді. Бұл ретті өнім бөлісудегі "Шевронаның" үлесі 50%-ды құрайды. 1993-2020 жылдар аралығында ТШО-ның Қазақстанға төлеген барлық төлемдері – мемлекеттік кәсіпорындарға төлемақыларын, қазақстандық серіктесіне дивидендтерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударған салықтары мен роялтиін,  қазақстандық жұмысшыларының жалақысын, отандық өндірушілерден және жеткізушілерден сатып алған тауарлары мен қызметтерінің құнын қоса алғанда, 150 миллиард доллардан асты.  

Парламентшілердің және сарапшылардың қатаң сынынан кейін Үкімет инвесторлармен келіссөз жүргізіп, оларды тек қазақстандық мазмұнның үлесін көбейтуге көндіре алды. Дегенмен одан үлкен нәтиже шықты деу қиын.

Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың мәліметінше, Теңіздегі қазақстандық мазмұнның үлесі шамамен 17 млрд долларды ғана құрады.

"Таяуда елордада Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) эксперттік тобының отырысы өтті. Жоба қазір 91,5%-ға орындалған. Салдарынан, жыл соңына дейін 37 мың қазақстандық жұмысшы жұмыстан шығарылады деп жоспарланып отыр. Жобаның бюджеті 45 миллиард доллар болды. Соның ішінде қазақстандық мазмұнның үлесі 38%-ды құрады", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Ол референдум қарсаңында бұл тақырып Сенатта да көтерілгенін еске салды.

"Бірақ бұл туралы биік мінберлерден 10 жыл бұрын айтылуы керек еді. Қынжылтатыны сол, депутаттардың өздері "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы" кодексінің түсініктемелік аппаратында әлі күнге дейін осы ӨБК жайында ашып жазған жоқ. Кезінде Теңіз, Қашаған жән Қарашығанақ алып жобаларында қазақстандық бизнесті қолдау үшін біраз талаптар енгізілген еді. Мысалы, Кодекстің 278-бабының 30-бөліміне сәйкес, Өнімді бөлу туралы келісім шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар және олардың мердігерлері тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуда біріншіден, жергілікті өнім жеткізушілердің даму бағдарламаларын орындауы, екіншіден, олар конкурсқа қатысуы үшін толық және әділетті мүмкіндіктер жасауы шарт", – деді сарапшы.

Ал 31-бабына сәйкес 

бұзушылықтармен және Қазақстан аумағынан тыс жүргізілген сатып алулар жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелерін орындауы ретінде есепке алынбайды.

"Алайда өкінішке қарай, кодексте осыған қатысты түсініктемелік аппараттың жоқтығы кесірінен операторлар оны айналып өте алады. Себебі ӨБК бойынша акционердің агенттік компаниясы – мердігер болып табылады. Заң тұрғысынан оларға шаң жұқпайды. Кодекстің түсініктемелік аппаратына қатысты тиісті өзгеріс енгізілген соң ғана жағдай түзелуі мүмкін", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Бірақ Қазіргі заманғы қоғамдық зерттеу институтының директоры Мейрам Қажыкеннің пайымдауынша, Өнім бөлу келісімдеріне өзгеріс енгізуде билік кешігіп қалды.

"Барлық үш мұнай супергиганты бойынша ӨБК аясында инвестиция салудың негізгі кезеңдері не аяқталды, немесе аяқталу сатысына шықты. Алда тек үстел, орындық сияқты ұсақ-түйекті сатып алу ғана қалды. Қайталап айтамын, кешігіп қалды. Енді инвесторлармен қалай есептесу жайын ойластыру және алдағы жобаларда осылай оңбай ұтылмаудың қамын қамдау ғана қалады. Алда Теңізді кеңейту жобасы, Қашағанның екінші фазасы бар. Ал бұрынғылар бойынша майшелпек тендерлер өтіп кетті", – дейді М.Қажыкен.

Сарапшылардың дерегінше, инвесторлар құрал-жабдықтар түгіл, тіпті қарапайым жиһаздың өзін Қытайдан тасыған.

"Қазақстандық өндірісті дамыту институтының" директоры Марат Ыдырысовтың пікірінше, Өнім бөлу келісімдері аясында отандық мазмұнның сақталмауына – біріншіден, ынталандыру-стимулдардың жоқтығы, екіншіден, қос тараптан да жауапкершіліктің болмауы, үшіншіден, биліктен, жауапты саналуан ұйымдар тарапынан тиісті үйлестіру мен бақылаудың болмауы себепкер.

Жерінің астында көл-көсір мұнайы жоқ Өзбекстан мысалы, елдегі құрылыс дүмпуінен табыс табуға келген барлық шетелдік өндірушілерді өндірістерін 2 жыл ішінде локализациялауға, яғни жергілікті жерде өндіруіне көндіріп, соған қол жеткізді. 

Айтпақшы, Қарашығанақтың мұнайын көсіп алып жатқан Карачаганак Петролеум Оперейтингке Қазақстан былтырғы жыл қорытындысында бюджеттен 61 миллиард теңге төлепті. Осылайша, мемлекет оның қосылған құн салығы бойынша шығынын өтеген екен. Қарашығанақта да ӨБК аясында ең алдымен акционерлердің барлық инвестициялық шығындары өтеледі. Содан кейін бірдеңе қалса, соның 70%-ы Қазақстанға беріледі.

Қорыта айтқанда, жаһандық үш супергигант саналатын Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған бойынша бекітілген Өнімді бөлу туралы келісімдер контрактінің жабық түрі болып есептеледі. Сарапшылардың түсіндіруінше, жаңарған Ата заңымызда жердің асты мен үстіндегі қазына – халыққа тиесілі дегенімізбен, оған қатысты бұрын бекітілген ӨБК-лер әрі қарай да халық үшін жабық болып қала бермек.

Дереккөз: inbusiness 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама