Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары 4 ақпанда басталады
Қысқы олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде Қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді, деп хабарлайды olympic.kz.
Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайлшылар 9 жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті.
Олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үйлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.
Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні Air Astana чартерлік рейсімен Бейжіңге аттанады.
Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.
Қысқы олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.