×

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев 70 жасқа толды

Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 70 жасқа толды

 Халық үні 25.06.2022 | 14:35
Фото @Нұрдәулет Әбікен

1969 жылы Ташкент жоғары жалпы әскери училищесіне курсант болып қабылданған кезден бастап бүгінге дейінгі Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан әскерін реформалау шараларына үлес қосып жүрген Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген.

Аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлы Жуалыда дүниеге келген, – деді Бақытжан Ертаев. Біз бұл кісімен мақтанамыз. Әскерге келдім, ант бердім, Бауыржан Момышұлы сияқты болғым келді, бірақ бір күні маған да соғысуға тура келетінін, менің де батальон командирі аға лейтенант болатынымды білмедім. Әрине, маған ол кісіге жету қайда, бірақ тағдыр солай болды.

Ол 1973-1985 жылдары Алматы қаласындағы жалпы әскери командалық училище мен М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдаған. Бұдан соң біраз жылдар әскер саласында басшылық қызметтер атқарды. 1998 жылы Қазақстан Ресубликасының Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы болды.

Осы жылдар аралығында ол Қазақстан әскерін реформалау шараларына үлес қосып, бұл бағытта қаншама игі істерге бастамашы болып, қаншама сарбаздарды әскери іс-әрекеттерге машықтандырды. Өз ісіне деген адалдық пен еңбекқорлық арқасы болар 2008 жылы Бақытжан Ертаевқа еліміздің ең жоғарғы наградасы - «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Мемлекет басшысы аталмыш награданы Б.Ертаевтың басшылық қызметтегі жетістіктеріне ғана емес, Ауғанстандағы соғыс кезіндегі батальон командирі ретінде өзінің ержүрек әскери басшы әрі ақылды әскери стратег ретіндегі қасиеттерін назарға ала отырып, берген. Б.Ертаев соғыста нағыз қазақтың қайсар ұлдарына тән ерлік көрсетіп, жерінің 4/3-і таулы аймақ болып келетін Ауған елінде сан түрлі әскери тәсілдерді қолдана білген қазақтан шыққан әйгілі стратегтерінің бірі. Бақытжан Ертаев ол кезде небәрі 27 жаста болса керек. Өзінің жастығына әрі әскери шенінің аса жоғары бола қоймағандығына қарамастан әскер басшылары оны біліктілігі мен тәжірибелілігі үшін батальон командирі етіп тағайындаған.

Тарихсыз ел де болмайды, тарихсыз қарулы күштер де болмайды. Тарихымыз бар. Біз Отанымызбен бірге сапқа тұрдық, Отанымызбен бірге өсіп-өндік. Өсіп-өніп келе жатырмыз. Міне, Отанымыздың 30 жылдығын атап өттік. Енді Қарулы күштердің 30 жылдығы. Әрине, қиынсыз жеңіс болмайды, қиыншылықсыз жақсылық болмайды. Қиыншылық болды. Тауға да шықтық, құзға да түстік. Бірақ мынау біздің қазақ еліміздің Отан сүйгіштігі, патриоттығы, абзал бабаларымыздың бізге айтып кеткен сөздері жүректе де, құлақта да тұрады. Сол себепті қарулы күштер тәй-тәй басып, отанмен бірге тіке тұрды. Мұның бастамасында әрине, бірінші президентіміз, Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Бірінші қарулы күштерінің төрағасы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Кеңес батыры болды, –  деп еске алды ҚР «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев.

Қорғаныс министрінің міндетін атқарды

Ауғанстаннан аман-есен орал­ған соң Кеңес әскерінің Гер­ма­ния­дағы тобында 35-мотоатқыштар дивизиясында полк командирінің орынбасары, ке­йіннен сол полк­тың командирі болды. 1992 жыл­дан бері Қазақ­стан Қарулы Күштері құрыл­ған­нан бастап Мемлекеттік қорғаныс комитетінде әскери қызметін жалғастырды. 1992-1997 жылдары әскери бөлім командирі. 1996-1997 жылдары 1-әскери корпустың командирі. 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштердің Бас штабының бастығы, үш ай Қорғаныс министрінің міндетін де атқарды. Кейіннен Шығыс әскери округіне қолбасшылық етті, Әскери академияның бастығы болып, жас офицерлерді даярлады.

Бүгінгі таңда саясаткерлер Ауғанстан арқылы өткендермен емес, бұл елді тек кітаптан немесе фильмдерден білетіндермен ақылдасатындарына өкінемін. Мылтық иіскемеген, ауған тауын көрмеген, жергілікті халықты танымайтын «мамандарға» жүгінемін. Тым болмаса ол жерге барып, кем дегенде бір сағат соғысып көріңізші! Пікіріңіз бірден өзгереді. Ауғанстан туралы айту үшін бұл халықтың тарихын, мәдениетін білу, сенімін құрметтеу керек. Қол астымдағыларға осылай үйреттім, - деді жауынгерлік генерал.

Халық қаһарманын әлеуметтік желіде «Аltyn Qyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов құттықтады.

Бүгін айбынды генерал-лейтенант ағамыз, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев 70 жасқа келді. Мерейтой иесінің құрметіне Қорғаныс министрлігі Әскери-патриоттық орталықта қаһарман генералдың өмірі мен өнегесі жайлы арнайы шара өткізді.

Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзінің мәні – оның жерлесі әрі ізбасары генерал Ертаев үшін өмірлік қағида. Себебі әскері мықты елдің қорғанысы – күшті, шекарасы – бекем, келешекке деген сенімі – нық. Бұл – ауған жеріндегі қып-қызыл майданның бел ортасында болған генерал Ертаев үшін аксиома. Ашық аспан, бейбіт өмір деген ұғымдар – генерал мен оның майдандастары үшін жаттанды сөз емес, бұл – қастерлі, қасиетті ұғымдар әрі жаныңды беріп қорғайтын ең басты құндылық.

Меніңше, елдің амандығы мен тыныштығы мәңгі, ал Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін осындай ағаларымыздың кәсіби тәлімі мен тәжірибесін жас буын әскерилерге үйретуге ден қою керек.

Бақытжан Ертаев алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезде Тәуелсіз еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге қатысты, әскери саланы реформалау туралы келелі ұсыныстар айтып жүрді. Кейде «оқ-дәріні иіскемегендер соғыс туралы сөз қозғайды» деп күйінетіні бар. Оның мәнісі – қазақ айтатын «торғай сойса да қасапшы сойсын» деген мәтелге саяды. Әсіресе, әскери іс – өз ісінің хас мамандары ғана шешім қабылдауы тиіс сала, себебі бұл – кез келген қателік мемлекет болашағына қатер тудыруы ықтимал, өте күрделі сала екені түсінікті ғой.

Генерал-лейтенанттың абыройы өз елінде ғана емес, ол қызмет еткен ауған жерінде де ерекше. Ауғанстанның Кунар аймағының тұрғындары оның есімін сол жердегі шатқалға беріп, құрмет көрсеткенін екінің бірі біле бермес. Бұл – оның әскери қызметті атқара жүріп, Бауыржан Момышұлының үлгісіндегі парасат пен көрегендік таныта алғанының дәлелі.

Взвод командирінен бастап армия корпусы командиріне дейінгі барлық сатылардан өтіп, одан соң Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан генерал-лейтенант, шын мәнінде Халықтың қаһарманы Бақытжан Ертаев ағамызды 70-ке толуымен құттықтаймын!

Бейбіт заманда ел тыныштығын уайымдап көз ілмейтін батырларымыз аман болсын!

Тәуелсіз еліміздің іргесі берік болсын!, –  деп жазды ол.

Бақытжан Ертаев 2002-2003 жылдары ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің ҰҚШҰ әскери ынтымақтастығын үйлестіру штабында Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілі болды.

Мен бір кездері Бас штабтың бастығы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін атқара жүріп, әскери округтер құрғанымды мақтан тұтамын. Ал Оңтүстік округінің штабы Таразда орналасатын болғанда:   «Неге Шымкентте емес, өз үйінде құрдыңдар?» деп сұраған да адам болды. Оған: «Өз үйімде емес, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының жерінде» деп жауап бердім. Сол кезде оған тау сақшылары батальоны болатынын айттым. Ол кезде оның не екенін ешкім түсіне бермейді. Мен талап қойдым, өйткені бұл жерде таулы аймақ, Манас асуы бар. Өйткені, сіз танктерді тауға көтере алмайсыз. Ауғанстандағы әскери операциялардың тәжірибесіне сүйене отырып, мен бұл маневрдің бағасын білемін.

Әскери қызметтің барлық сатысынан өткен Бақытжан Ертаев 2012 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде сайлау­шылар аманатына адалдық танытып келеді.

Саясаттың сахнасында әскери қолбасшы басқа қырынан ашыла түсті

Ең біріші кезекте, ол әскери қызметшілердің әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге белсене атсалысты. Өйткені өзі де курсанттан бастап ге­нералға дейінгі жолдан өткен тұл­ға. Сондай-ақ ауғандық және ай­мақтық соғыстар мен қақтығыстар ардагерлерге қатысты заң жобасын жасап шығарды. Соның нәтижесінде, ауғандықтардың көп жылғы мәселелері өзінің шешімін тапты. Курстасыммен қатар жүріп, Парламент қабырғасында ел тағдырына қатысты көптеген заң жобаларын қабылдауға еңбек етті.

Бақытжан Ертаев «Халық қаһарманы» атағының иегері, «Отан», «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Данқ» және басқа да жауынгерлік ордендер және медальдармен марапатталған.
Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Бақытжан Ертаевтың жеке қоры ашылған. Онда батырдың өмірбаяндық және отбасына қатыс­ты құжаттары, наградалары, Ауған соғысына қатысты, әскер саласындағы басшылық қызметтеріне қатысты құжаттары, өзіне сыйға берілген қанжарлар, әкесінің үзеңгісі, портреттері, тағы басқа да жеке заттары бар. Мұнда келген жастардың еліміздің әскері, батыр өмірі туралы мағлұмат алып, рухтанып қайтары сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама

Көкшетауда жұрттың есепшотынан жәрдемақы мен зейнетақылар ұрланып жатыр

Алаяқтардың арнайы есепшоттың құпия дерегін қайдан алғаны белгісіз
03.12.2022 | 10:38

Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекі саудасына толық тыйым салмақ

Сарапшылар оған тосқауыл қоюдың басқа жолын табу қажет деп отыр
03.12.2022 | 09:50

Заманбек Нұрқаділовтің бұрын-сонды еш жерде жарияланбаған видеосы шықты

Бұл видео «Хабар» агенттігінің архивиінде сақталған
03.12.2022 | 07:34

Қарағанды ​​облысында автобус күтіп тұрған оқушының беті үсіп қалған

Абай аудандық білім бөлімі оқиғаны растады
03.12.2022 | 06:30