Өзен-көлдерден жырақ өңірде мал үшін су көздерін табу қашаннан күрделі мәселе
Мақат ауданы тұрғындары соңғы жылдары мал шаруашылығына ден қойып келеді. Бұған дейін ауданда 50 шаруа қожалығы болса, биыл тағы 20-дан астам кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуге ниет етіпті. Егер су мәселесі шешілсе, мақаттықтар да ата кәсіпті жандандырары анық.
«Хабар» телеарнасы тілшілерінің хабарлауынша, «Мұнайлы Мақат» атанған аймақ кенге бай болғанымен, ауыл шаруашылығын өркендетуге қолайсыз. Өзен-көлдері жоқ өңірде тіршілік нәрі құбырмен тасымалданады, ал малға арналған құдықтар күн ысыған кезде ашып кетеді екен. Бірақ ата кәсіптен қол үзгісі келмеген ауыл азаматтары мемлекеттен қолдау күтеді. «Білеулі құдық», «Қырыққұдық», «Белқұдық», «Ащықұдық». Мақат ауданындағы малшылар осындай құдықтарды сағалайды. Өзен-көлдерден жырақ өңірде мал үшін су көздерін табу қашаннан күрделі мәселе. Оның үстіне соңғы 5-6 жыл қатарынан келген құрғақшылық артезиан құдықтардың кенезесін кептіріп тастады.
Мысалы, қазір астауға келіп тұрған түйелердің ірісі 120-150 литрге дейін су ішеді екен. Егер ойлап қарасақ, осы арада 300-дей ірі қара болса, оған су шақ келмейтіні сөзсіз. Малшылардың үміт ететіні – «Атырау-Мақат» ауызсу құбыры. Бірақ оған қол жеткізу мүмкін емес. Рұқсат алғанның өзінде мал иесі үшін ол өте қымбатқа шығады. Ал әкімдіктен көмек жоқ.
Шаруалар «Атырау» су арнасының желісінен су алу жөнінде ұсыныс білдірген. Бірақ оны тартып беруге қазіргі қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларда қаражат көзін қарастыру мүмкін емес», - дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шанғалаев.
Облыс шаруаларының мұқтажын бүтіндеп жүрген республикалық «Шопан Ата» бірлестігі биыл мақаттықтардың мәселесін республика Үкіметіне ұсыныпты. Әзірге жобасы жасақталғанымен, оны шаруалардың қашанға дейін күтетіні беймәлім.
«100, 110, 300 метрге дейін тереңнен су шығару кезінде ащы су шықса, оны тұшытатын құрылғылар алу жөнінде субсидия қарастыру мәселесін де Үкіметке жолдадық. Осы мәселе реттелсе, су мәселесі шешіліп кетеді», - дейді «Шопан ата» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ғазиз Ғабдулин.