БҚО-да тоқ соғып, екі қолынан айырылған бала оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды
Ғали Есқалиев бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын, заманауи протез салып, отбасыға жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігіне («абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық») сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адам белгілі бір лауазымды атқару немесе бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Тиісті сараптама тағайындалды. Қорытындысы кейін белгілі болады», – деп хабарлады ведомстводан.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, өңір басшысы ауруханада жатқан баламен кездесіп, жағдайын білген. Қазіргі уақытта бес жасар Аманжол қазір басын көтеріп, өз бетінше жүре алады. Жас бала психологтардың бақылауына алынды. Анасымен сөйлесу барысында Ғали Есқалиев бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын, заманауи протез салып, отбасыға жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.
Кездесуден соң Ғани Есқалиев электр желісіне жетекшілік ететін орынбасары Темірхан Меңдіғалиевке, Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясына облыс аумағындағы барлық трансформаторлардың қауіпсіздігі, олардың қоршалуы, есіктерінің кілттенуі керектігі жөнінде қатаң тапсырма берді.