×

Jusan Bank мемлекет меншігіне өткенін жоққа шығарды

Бұқаралық ақпарат құралдарында Jusan Bank-тің мемлекет меншігіне өткені туралы мәлімет тараған еді

 Халық үні 24.06.2022 | 19:32
фото: ашық дереккөзден

Jusan Bank мемлекет меншігіне өткен жоқ. Бұндай жоспар бұрын да болған жоқ және қазір де ондай жоспар жоқ, деп жауап берді қаржы ұйымының баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына. 

Jusan Bank бүгінде ең ірі, сенімді қазақстандық банктердің қатарында. Қаржылық көрсеткіштер бойынша (2021 жыл қорытындысына  сәйкес): Актив бойынша өткен жылды тоғызыншы болып бастап, төртінші болып аяқтадық. Жылдық динамика бойынша банк активтері 956,9 млрд теңгеге ұлғайды, яғни 58%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде біздің нарықтағы үлесіміз 7%-ға жақындады, ал Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бізге әлеуетті жүйелік маңызды ЕДБ мәртебесін берді, – делінген мәлімдемеде.

Банктің хабарлауынша, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 28% (нормадан 5 есе жоғары), ағымдағы өтімділік коэффициенті (k4) 211% (нормадан 7 есе жоғары) құрады. Меншікті капиталы мен өтімділігі бойынша Jusan Bank қазақстандық банктер арасында тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленеді. Бұл көрсеткіштер нәтижесінде Moody's Investors Service банкке ұлттық және шетел валютасындағы депозиттер бойынша жоғары ұзақ мерзімді «тұрақты» деген болжаммен B1 деңгейінде рейтинг берді.

2022 жылдың алғашқы бес айының көрсеткіштері де біздің дұрыс бағытта дамып жатқанымызды көрсетеді. Ал 2022 жылға арналған стратегиялық бағдарымыз - үш бизнес платформасын одан әрі дамыту: Jusan Retail, Jusan Business және Jusan Private Banking. Бұл үш сала нарықта өздерінің өзектілігін дәлелдеді. Оларды біріктіретін банк экожүйесі қазақстандықтардың күнделікті өміріне қолайлы технологиялық шешімдерді жасауға, бизнесті жүргізуге және жеке қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – деген жауап берілді ресми сауалға.

“Интернет ресурстарда жарияланған жалған ақпаратты қабылдамауды сұраймыз. Тек ресми ақпарат көздері арқылы берілген мәліметтерді пайдаланыңыз”, – дейді банктің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама