×

72 жастағы ақсақал Ұлытаудан Павлодарға жаяу келді

Осымен қарт саяхатшы еліміздің тоғыз облысын жаяу аралады

 Дастан Жұмабекұлы 24.06.2022 | 15:58
фото: ҚазАқпарат

72 жастағы шебер-реставратор Сәрсенбай Қотырашов Ұлытаудан Павлодарға жаяу жүріп жетті. Осымен қарт саяхатшы еліміздің тоғыз облысын жаяу аралады.

Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.

Оның айтуынша, алдына үш мақсат қойып сапарға шыққан.

Біріншіден, туған жерім Ұлытаудың мәдени-тарихи мұрасын насихаттаймын. Екіншіден, қымыздың пайдалы қасиеттеріне жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Оның үстіне ЮНЕСКО-мен келісімім бар. Қазақстанды аралап, мыңнан астам қолөнершілер туралы мәлімет жинасам, оларды жеке сайтқа жазсам, сол арқылы дүниежүзіне танымал болады, – деді С.Қотырашов.

Ақсақал наурыз айының соңында Ұлытаудан жолға шыққан. Осы уақытта ол бес жұп аяқ киімді тоздырып үлгерген. Бірақ, ол қалтасынан бір теңге де шығармаған.

Қай өңірге келсе де, жұрт оны құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, тегін түнетіп жатыр.

Қонақжай елім жылы қарсы алғандарыңызға рахмет, - деді саяхатшы.

Сапар аяқталған соң Сәрсенбай Қотырашов Президенттің қабылдауына барып, қымыздың емдік қасиетін жеке мысалмен көрсетіп, Қымыз күнін ресми мереке ретінде белгілеуді ұсынуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама