Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде колледж жатақханасы күдіктілердің үйқамағына айналды

Атышулы «Гарант 24 ломбард» күдіктілерінің үйқамағын облыс әкімдігі тауып берген

 Ербол Тұрымбет 24.06.2022 | 14:42
Ақтөбеде колледж жатақханасы күдіктілердің үйқамағына айналды
Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер

Ақтөбе қаласы К.Нокин ауылында орналасқан Ақтөбе Жоғары ауыл шаруашылығы колледжі жатақханасының күдіктілерді ұстайтын үйқамаққа айналған. Бұл мәселені «Әділдік жолы» РҚБ филиалының басшысы Асылбек Байменов әлеуметтік желіде көтерді.

Қазір студенттердің жатақханасын полиция қызметкерлері қатаң күзетке алған. Маңына ешкімді жуытпайды. 

Ал онда кімді ұстап отыр? Бұл сұрақтың жауабын Ақтөбе қалалық сотының маусымның 10-ы күні таратқан баспасөз хабарламасынан көруге болады. 

Онда атышулы «Выгодный займ» ЖШС, «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард», «Нур-Али Капитал» қаржы пирамидалары бойынша күдіктілердің ісі туралы айтылады.

Үлкен дау болған істе 48 адамның мәселесі қаралып, 31-і қамауға алынған. Олардың 17 мыңнан астам адамды зарлатып, 30 миллиард теңгеден астам шығын келтіргені өз алдына бөлек әңгіме.

Баспасөз хабарламасына сүйенсек, қылмыстық іс қалалық сотқа былтыр 10-маусымда түскен. Сот қаулы шығарып, олар 12 айға қамауға алынады. Заң бойынша 12 айдан кейін сот оларды үйқамаққа шығаруға немесе бұлтартпау шарасын өзгертуге тиіс. Сол тәртіппен сот 9-маусым күні 31 күдіктіні үйқамаққа ауыстырады. 

Айта кетерлігі, күдіктілердің көптігі, арасында басқа өңірлерде тұратындары бар әрі олардың тәртібін қадағалау және басқа да жағдайларды ескере келіп, сот оларды бір үйде ұстау керек деп шешеді. Ал тұратын жерді облыс әкімдігі тауып берген. 

Ал облыстық білім басқармасы студенттердің басым бөлігі сессияларын тапсырып, ауылдарына кеткенін айтады. Дегенмен, оқу процесі аяқталып, біршама студент әлі де емтихан тапсырып жүр екен. Қызығы сол, жатақхананы сотқа облыс әкімдігі тауып беріп тұрса да онда қандай күдіктілердің орналастырылғанын, тіпті олардың қашанға дейін болатынынан да бейхабар болып шықты.

Жалпы көлемі 3786 том құрайтын қылмыстық істің қашан бітерін болжау да қиын. Алайда облыстық басқарма жаңа оқу жылында онда тұратын елуге жуық студенттің жатақханаларына еш қиындықсыз қайтып оралатындарына бек сенімді отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама