Halyq Uni логотип
×

Alibaba платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды

Ондағы отандық компаниялардың сауда айналымы 167,7 млн. АҚШ долларын құрады

 Динара Амантай 24.06.2022 | 12:56
Alibaba платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды
Фото: Halyq Uni

Әлемдік ең ірі сауда желісі болып саналатын Alibaba платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Осының арқасында қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін интернет арқылы кедергісіз сатып, жарнамалау мүмкіндігіне ие болды.

Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, павильонның ашылуына орай өткізілген Zoom-конференция форматында өткен жиынға аталмыш ведомствоның вице-министрі Қайрат Төребаев, QazTrade АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы, Alibaba.com вице-президенті Эндрю Женг қатысты.

Вице-министр Қайрат Төребаев қазіргі уақытта электрондық коммерция саласы қарқынды дамып келе жатқанын, Қазақстанның әлемдік трендпен бірге тыныстауға дайын екенін атап өтті. Бұған қоса ол Alibaba компаниясымен арадағы ынтымақтың арқасында қазақстандық компаниялар өз өнімдерін сыртқы нарықтарға жылжыту мүмкідігін кеңейте алатынын айтты.

«Alibaba» алаңында ұлттық павильонның ашылуы шетелдік сатып алушылар тарапынан Қазақстан өнімдеріне жоғары сұраныс бар екенін растады, – деді вице-министр.

Ал «QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлының айтуынша, отандық компаниялардың өнімін маркетплейстер арқылы таныту тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл ретте электрондық алаңдарда сауда жасай бастаған компаниялардың сату көрсеткіші жақсара түскенін айта кету қажет.

2019 жылдан бастап 200 компания Alibaba.com платформасында шығару бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды.

Жалпы компанияның платформаға жылжуы бойынша шаралардың арқасында Alibaba.com платформасына шығарылған отандық компаниялардың жиынтық сатулары шамамен 167,7 млн. АҚШ долларын құрайды. Қытай, Македония, БАӘ, Оман, ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің шетелдік сатып алушылары пластикалық ойыншықтар, сүзгілер, электротехника, тоқыма өнімдері, майлар, астық өнімдері, бал және мұздатылған ет сияқты өнімдерге қызығушылық танытты.

Қазір Alibaba.com базасындағы Қазақстанның ұлттық павильонында 130 қазақстандық компания «алтын» мәртебелі жеткізуші ретінде тіркелген. Олар 7500-ден астам тауарды ғаламдық платформа арқылы сатып отыр. ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында Қазақстан Ресей Федерациясынан кейін Alibaba.com алаңында палһвильонын ашқан екінші ел.

Айта кетсек, Alibaba – айналымы 106 млрд доллар болатын «B2B» форматында онлайн тауар сатуға мүмкіндік беретін платформа.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама