×

Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі алынды

Енгізілген шектеу шараларының күші жойылады

көрнекі фото: ашық дереккөзден

19 қаңтарда жарым түннен кейін, яғни сағат 00:00-ден бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сонымен қатар Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдайдың күші жойылады.

Бұған дейін Президент жарлықтарына сәйкес, өзге өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.

Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, т.б. қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады.

Қазақстанның барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілді.

Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Ел билігі бүкіл республикада 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялап, терроризмге қарсы операция бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама