Енді ұн қымбаттауы мүмкін
Оның бағасы шілдеде өседі деген дерек бар
Астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, ұнның тоннасы 250 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Өйткені, ақпанда тоннасы 120 мың теңгеден алынған астық қоры таусылды.
Оtyrar.kz-тің хабарлауынша, енді тоннасы 170 мың теңгеден сатып алынған астық өңделеді. Бұл барлық ұн өнімдерінің бағасына кері әсерін тигізеді.
«Ресей ұн экспортына шектеу енгізгендіктен соңғы бірнеше айда диірмендердің 80 пайызы жұмысын тоқтатады. Соның салдарынан Тәжікстан мен Өзбекстан нарығын жоғалттық. Бұл елдерге жіберілетін ұн экспортының көлемі қысқарды. Нарықты ресейлік кәсіпорындар жаулап алды. Өйткені, баға жағынан біз бәсекелесе алмаймыз, – деді одақ президенті Әлихан Талғатбек.
Оның айтуынша, биыл ақпан-маусым аралығында ұнның тоннасы 160 мың теңгеден 220 мыңға дейін өсті.
«Бұл бұрынғы бағадан 37,5%-ке көп. Біздің ел шілдеде ұнның бағасын тағы өсіруге мәжбүр болады. Өйткені, астықтың тоннасы 170 мың теңгеге дейін жетті. Сондықтан ұнның тоннасын 220 мыңнан 250 мың теңгеге дейін көтереміз. Баға шамамен 23%-ке өседі. Бұл әрине, ұн өнімдерінің қымбаттауына әкеледі, – деді Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек.