Қазақстанда ауруханалар саны азайып, аурулар көбейді
Ұлттық статистикалық бюро дабыл қақты. Денсаулық сақтау министрлігі көпшілікке тек көркем есептерін жариялағанымен, шынында саладағы жағдай мәз емес көрінеді
Мысалы, бірқатар ауру түрлері бойынша сырқаттанушылар саны артуда. Сонымен бір мезгілде ауруханалар саны да күрт азайып барады.
Ресми статистикаға сәйкес, 2006 жылы Қазақстанда 1 086 аурухана болыпты. Содан бері тоқтаусыз кемуде. 2009 жылы – 1 020, 2012 жылы – 990, 2015 жылы – 901, 2018 жылы – 788, қазіргі кезде 770-тен азы қалыпты.
Қорқыныштысы сол, Үкіметтің дерегінше, 2021 жылы қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші бірден 13,8%-ға көбейді. Салдарынан, бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 189 адамға жетті.
Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы әрбір 100 мың қазақстандықтың 166-сы атын естісе адамның жаны түршігетін сондай дертке шалдығатын.
Бұған қоса, елде өткен жыл қорытындысында жазатайым оқиғалар, жарақаттанулар, уланулар саны бірден 17,7%-ға артты. Әрбір 100 мың адамға шаққанда 2 662,7 адам осындай кесапатқа душар болады (2020 жылы 2 262,7 адамды құрайтын).
Елдегі түберкүлезбен ауыруға қатысты ахуалға жүргізілген талдау да бұл бағыттағы көрсеткіштердің өскенін көрсетті. Қазақстан халқының "тұрмысы төмендердің сырқаты" саналатын осы кеселмен ауыруы алдыңғы жылға қарағанда 0,8%-ға көбейіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 36-ға жеткен. Бұған дейін 35,7 болды.
2021 жылы республикада жекелеген болса да, туляремия, құтыру, безгек-малярия, сіреспе, көкжөтел-коклюш, қызылша-корь ауруларының деректері тіркелген.
Қарап тұрсақ, қазақстандық денсаулық жүйесі жетісетін, марқаятын жағдайда емес.
Сондықтан болса керек, Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Парламент депутаттары медсақтандыру қорын жоюды ұсынды. Өйткені оның жұмысында ашықтық жоқ. Медициналық ұйымдарға, жекеменшік клиникаларға миллиардтаған теңге бағытталуда. Алайда халыққа көрсетілетін қызмет сапасы нашарламаса, артпай тұр.
Мысалы, тек 2021 жылы қорға азаматтардан 863 мыңнан астам өтініш-шағым түсіпті. Ал 2022 жылдың 1 тоқсанында оның саны 208,5 мыңға жетті.
"Оның ішінде 5,5 мыңнан астамы – халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері. Ең алдымен, бұл өтініштер сапасыз медкөмек көрсету, оны көрсетуден бас тарту, медициналық көмекті ұзақ күту, ең алдымен КДҚ, ТМККК және МӘМС бойынша тиісті, тегін дәрі-дәрмектерді беруден бас тарту, медициналық этика мен деонтологияны бұзу мәселелеріне қатысты болды", – деп мәлімдеді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Медициналық көмектің сапасын бағалау департаментінің директоры Лаззат Шоманова
Қор 2022 жылы 1 389 медициналық ұйыммен медициналық қызмет көрсету жөнінде келісімге отырды, олардың жартысынан көбі – жекеменшік клиникалар. Биылғы жыл соңына дейін билік осы медұйымдар арасында 2 триллион теңгені үлестіреді. Оның ішінде 838 миллиарды – медсақтандыру қорынан бөлінеді.
Мәжілістегі кешегі жиында да саланы былық жайлағаны айтылған еді. Қаржы вице-министрі Татьяна Савельеваның байламынша, денсаулық сақтау саласында жеңілдікті категорияларға медұйымдар көрсететін қызметтің тарифі неден құралатыны белгісіз, мөлдір емес.
Бұл ретте мемлекеттің, медсақтандыру қорының ақшалары тек сырқаттарды емдеуге ғана емес, сондай-ақ медициналық персоналдың жалақысы мен сыйақысына, ғимаратты жалға алу ақысын төлеуге, басқа да қаптаған әкімшілік шығыстарға жұмсалады. Жеке клиникалар осының
бәрін тарифтің құрамына енгізіп қойған. Осылайша, мекемелер мемлекет бөлген миллиардтарды тез-ақ игереді. Салдарынан, жеке және мемлекеттік емханалар дерті жанына маза таптырмай, өзіне жүгіре жүгінген сырқаттарды қабылдауға тек келесі айға жазады.
Депутаттардың айтуынша, мұндай тетік халықтың қатаң сынына ұшырады. Бірақ билік одан бас тартатын емес. Ендеше тіпті медсақтандыру қорын жою мәселесін де қарастырған жөн. Қор медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді ету әрі оның сапасын көтеру үшін құрылды. Әйткенмен, ол міндеттің үдесінен шықпады. Не қолжетімділік, не сапа, не жариялылық жоқ. Жемқорлық қанатын жаюда.
Медициналық ұйымдарды былық жайлағанының бір мысалын бухгалтер Ильяс Тұрдиев айтып берді. Ол Алматыдағы жеке клиниканың бірінде есепші болып жұмыс істепті.
"COVID-19 және карантин салдарынан клиника 2020 жылғы 30 наурыздан 18 мамырға дейін жұмыс істемеді. Содан кейін медұйым 8 орнына 6 сағаттық режиммен қызмет етті. Тиісінше, келіп түскен қаражат аз болды, ол қызметкерлерге жалақы төлеуге жетпей, еңбекақы 2 ай бойы төленбеді. Жүктелген міндетке сәйкес, біз карантин кезеңінде медқызметкерлердің жалақысынан зейнетақы, салық, медсақтандыру, әлеуметтік жарналарын ұстадық, бірақ аудармадық. Клиника басшылығы қызметкерлерден күте тұруды және табыс жинау үшін бірнеше ай мұрша беруді сұрады. Олар көнді. 2020 жылғы тамызда клиниканың басшылығы толық ауысты. Клиенттер саны артты, сонымен бірге табыс та молая бастады", – дейді Тұрдиев.
Бірақ жаңа басшылық та "қаржылық ахуалдың нашар екенін" алға тартып, қызметкерлерден тағы бірер ай күте түруды өтінеді. Нәтижесінде, 5 айдай уақыт ішінде зейнетақы, медсақтандыру жарналары, салықтар бойынша 30 миллион теңгеден артық қаражат ұсталған.
"Кейбір қызметкерлерге клиника миллионнан астам теңге қарыз еді. 2020 жыл соңында басшылық жаңа ереже енгізді, оған сәйкес ұсталған ақша тек қызметтен кеткен қызметкерлерге толық есептесу кезінде төленеді. 2021 жылы қызметкерлер клиникадан жаппай кете бастады. Олардың көбісіне ұсталған қаражаты төленбеді, басшылық қаржылық жағдай мүмкіндік бермейді дегенді сылтауратты. Шынында олай емес еді. Былтыр директор ауысты. Осыдан кейін клиника ұсталған ақша мәселесін мүлдем ұмытты, жаңа басшы оны төлеттіруге мәжбүрлейтін заң жоқ дейді. Ақыр соңында қызметкерлерден ұсталған ондаған миллион сома сол бойы медсақтандыру қорына, олардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарына түспеді", – дейді клиниканың экс-бухгалтері.
Оның мәліметінше, медқызметкерлер, техникалық персонал – жалпы саны 100-ден астам адам бұған қатты наразы. Олар медсақтандырылған мәртебесінен айырылды. БЖЗҚ-ға жарна түспей, жұмыс өтілі есептелмей қалды. Енді олар прокуратураға, сотқа жүгінбек. И.Тұрдиев жемқор басшылар құтылып, басшылықтың нұсқауын орындаған өзі тұтылып, екі ортада босқа күйіп кетуден қорқады.
Дереккөз: inbusiness.kz