«Екінші отбасыма айналды». Үндістандық донордың ата-анасы Қазақстандағы қыздың отбасына қонаққа келді
Донор - Адит Полсон көлік апатынан қайтыс болған
Көкшетаудың 17 жастағы тұрғыны Ділназ Исанованың кеудесінде көлік апатынан қайтыс болған үнді баласының жүрегі соғып тұр. Донордың ата-анасы Қазақстанға алғаш рет қонаққа келді. Үндістаннан келген меймандарды әуежайдан реципиенттің бір топ туыстары қазақы салтпен күтіп алды, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі.
Ділназ Исанова туғанда дәрігерлер ата-анасына кеңейтілген кардиомиопатия диагнозын хабарлаған. Бұл ауру миокардтың жұмысын бұзып, адамның жүрек жеткіліксіздігіне әкеледі.
«Біраз өсіп, салмақ жинаған соң ота жасауға болады деді. Кейін ота жасау үшін Ресейге бардық, бірақ онда жүрек алмастыру отасы жасалмайтынын айтты. Қазақстанға келіп Денсаулық сақтау министрлігіне кезекке тұрдық. Министрліктің шетелге операцияға жіберетін бағдарламасы бар. Жеті жыл күттік, жазу солай болды, донор Үндістаннан табылды. Министрлік отаны, ұшып барып қайтуы мен тұру ақымызды өтеп берді. Отадан кейінгі оңалтуды Қазақстанда квота алып, тегін туге болады. Бірақ біз мүмкіндігіміз болғанда өз қаржымызға барып, ем қабылдауға тырысамыз», - деді Ділназдың анасы Анар Исанова.
Оның айтуынша, донор Керала штатының 12 жастағы тұрғыны Адит Полсон көлік апатынан қайтыс болған. Адит әкесі Полсонмен бірге мектеп автобусына соғылып, ауыр дене жарақатын алды.
«Бізден басқа бірнеше адамға ағза доноры болып, бірнеше отбасыны қуантты. Отадан кейін үш жылдан соң Адиттің ата анасы бізді өздері тапты. Бізге ота жасаған госпитальге хабарласып, қайдан екенімізді сұрастырып, білген көрінеді. Әу баста донордың 12 жастағы ұл бала екенін білдік. Бірақ оның отбасынан хабарымыз болмады. Олар баланың жүрегі соғып тұрған соң, оның жаны тірі деп ойлайды. Қазір реципиенттердің барлығы араласып тұрамыз», деп қосты анасы.
Баласы қайтыс болған соң Шинси үш жыл бойы үйінен шықпай қойғанын айтады.
«Содан кейін бізді іздеп тапты. Жақын араласып кеттік. Жыл сайын Үндістанға оңалтуға барғанда сол үйге тоқтаймыз. Үлкен қызы бар. Өте жақсы, ұйымшыл отбасы. Ділназ да оларды жақсы көреді. Қазір есейіп келеді, өзіне ұл баланың жүрегін салғанын түсінеді. Үндістандық отбасымен араласуға қарсы емес. Тіпті өзінің екінші ата-анасы деп есептейді. Сол отбасыға қарыздармыз. Қызымның денсаулығы жақсы. Күтініп, дәрісін ішіп жүреді. Ол дәріні өмір бойы ішуі керек», - дейді Анар.
Ділназ қазір Көкшетау қаласындағы колледждің бірінде аударма ісі мамандығы бойынша оқып жатыр. Арманы ағылшын тілін жетік меңгеріп, Үндістанға кету.
Үндістанға барғанда солардың үйінде тұрамыз. Менің екінші отбасымдай болып кетті. Кездескен сайын әртүрлі тақырыпта сөйлесеміз. Мен ағылшын тілін білмеймін, бірақ гугл аудармашының арқасында бір бірімізді түсінеміз, - дейді Ділназ Исанова.
Ділназдың ата-анасы мен туыстары елордаға шетелдік меймандарын күтіп алу үшін Көкшетаудан арнайы келді. Әуежайда қонақтарын шашу шашып қарсы алды. Енді Исановтар әулеті қызына өмір сыйлаған отбасыға Қазақстанның көрікті жерлерін аралатып, қазақы қонақжайлықты көрсетуді жоспарлап отыр.