Полицияның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара береді
Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Шұғыл басқару орталығының ғимаратына барып, Ішкі істер министрлігінің ахуалдық сараптамалық орталығының жұмысымен танысты. Бұдан кейін Президентке министрліктің цифрлық технологиялары көрсетілді. Мемлекет басшысы жұмыстарға жақсы бағасын берді.
«Бұл жұмыстар тек басы ғана деп ойлаймын. Себебі, бұл саланы толықтай цифрландыру аса қажет. Жұмыс ашық әрі жариялы түрде болуы керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында Қазақстан полициясын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл дата тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі.
«Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде, полициямыз өз міндетін жақсы атқаруда. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті. Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды болғанын және мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап еткеніне тоқталды. Сонымен қатар қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еткен барша полиция ардагеріне алғыс айтты.
Қазақстан Президенті құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелгенін, олардың әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасауы кәсібиліктің белгісі екенін атап өтті.
«Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы референдум арқылы Конституцияға енгізілген түзетулер, шын мәнінде, Екінші Республиканың құрылуын және еліміздің даму парадигмасының түбегейлі өзгеруін білдіретінін айтты. Президенттің пікірінше, барлық негізгі билік институттарын терең жаңарту негізінде мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне көшеміз.
«Біз азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын айтарлықтай кеңейте отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тиімді және теңгерімді үлгісін қалыптастыруымыз керек. Жоспарланған реформалардың негізгі бағыты – құқық қорғау жүйесін дәйекті түрде қайта құру. Ауқымды реформалар жүргізе отырып, мемлекетіміздің әлсіреуіне ешқашан жол бермеуіміз керек. Біз барлық іс-әрекеттерімізді басты құндылығымыз – Тәуелсіздікпен байланыстыруымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елді прогрессивті демократияландыру үдерісі, азаматтардың табиғи түрде артып келе жатқан саяси белсенділігі тек заң шеңберінде жүруі керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру бұл маңызды институционалдық өзгерістер ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік көзқарастар мен мінез-құлықтарды жаңғырту деп атады. Яғни жаңартылған құндылықтар мен дүниетаным жүйеміздің басты қағидаларының бірі – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу болуға тиіс.
«Тұрақсыз, бірақ қарқынды дамып келе жатқан әлемде заңдар мен моральдық нормаларды құрметтейтін халық қана күшті және егеменді ел мәртебесін сақтай алады. Бүгінгі таңда қоғамда өткенімізге түрлі, кейде біржақты баға беріліп, ұшқары пікірлер айтылып жүр. Дегенмен, Тәуелсіздік кезеңіндегі айтулы жетістіктерді жоққа шығаруға болмайды. Тарихын, көшбасшыларын жоққа шығарған халықтың болашағы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан азаматтарды объективті әрі дұрыс көзқараста болуға шақырамын», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әділдік пен мемлекеттің тиімділігіне деген сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты. Қазақстан Президентінің пікірінше, түрлі жағдайда адамдармен тікелей араласатын полицейлердің әрқайсысы мемлекет туралы түсінік қалыптастырады. Бұл қоғам алдында полиция қызметкерін биліктің уәкілетті өкілі деп білетін, әсіресе, учаскелік полиция қызметкерін әр азаматы танитын ауылдық жерде маңызды.
«Азаматтардың мемлекеттік саясатқа, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға көзқарасы оның сөзі мен іс-әрекетіне тікелей байланысты. Полицейлер мұны ешқашан ұмытпауы керек. Сіздерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өкінішке қарай, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес. Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді. Жағдайды өзгерту үшін біз Қазақстан полициясында ауқымды реформаларды бастадық, біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшеміз. Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды. Менің тапсырмаммен Ішкі істер министрлігі бұл бағытта бірқатар маңызды шараларды қолға алды. Бірақ алда әлі жұмыс көп», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның билік пен қоғам арасындағы дәнекер болуы өте маңызды міндет екеніне тоқталып, азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
«Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды
сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн», – деп тапсырды Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жою қажет екеніне тоқталып, жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек деді.
«Әсіресе, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды. Мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Бұл – өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет. Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ел ішіне іріткі салатын жат идеологияларды тағы бір маңызды мәселе ретінде атады. Әсіресе, әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдардың өте көптігіне назар аударып, олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқару керек екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал екенін еске салды.
Мемлекет басшысы азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өтті.
«Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметінің көбінесе адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық екенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында 815 қызметкердің қаза тапқаны, 4,5 мыңнан астамы жарақат алғаны туралы дерек келтірді. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіндегі ішкі істер органдарының үлесін бағаламауға болмайды.
«Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жастар үшін тартымды әрі мәртебелі болуы маңызды деп есептейді. Үздік полицейлерді көтермелеп, ерекшелеп, марапаттау ісін қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы қызмет тек артықшылық пен абырой ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін түсіну керек екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі кадрлық әлеуетті ұдайы жетілдіруді, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін және моральдық рухын нығайтуды қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Қазақстан полициясында отансүйгіштіктің, ашықтықтың, әрқашан адамдарға көмекке келуге дайын тұратын адалдықтың образы қалыптасуы керек. Бұл барлық тәртіп сақшыларының ойлау жүйесі мен мінез-құлқына түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етеді.
Мемлекет басшысы соңғы кездері құқық қорғау органдарының қызмет бабын асыра пайдалануына қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ мамыр айында отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде кәсіпкерлердің көпшілігі тікелей қысым көріп жатқаны туралы шағымданғанын айтты.
Президент Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшының айтуынша, заңсыз әрекеттерден Ішкі істер министрлігі қызметкерлері де тысқары емес. Кейбірі жемқорлыққа қатысты айтылып отыр.
«Бұл бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Қаржы мониторингі агенттігінің күшін алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне бағыттау керек. Агенттік көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Біз қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың кез келген көріністеріне берік иммунитет қалыптастыруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Белсенділер саяси партиялар мен қозғалыстар құруға ынталы екенін мәлімдеп, ішкі және сыртқы саясаттың өзекті мәселелері бойынша әртүрлі пікірлері мен көзқарастарын білдіреді. Бұл – азаматтық қоғамның жетілгенін көрсететін табиғи процесс. Дегенмен, Президенттің айтуынша, азаматтық белсенділердің барлық әрекеті, соның ішінде наразылық акциялары қолданыстағы заңнамаға және парасаттылыққа қатаң сәйкес келуі өте маңызды.
«Заңды бұзуға, заңсыз әрекеттерге баруға, соның ішінде полиция қызметкерлерінің адамдық қадір-қасиетіне, кәсіби ар-намысына қарсы бағытталған әрекеттерге баратындар заңнамамызға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазақстанның ұлттық мүддесіне қарсы әрекет ететін кәсіби арандатушылар әшкереленуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тағы бір маңызды мәселе ретінде қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан қызу пікірталастар кезінде саяси әділдік мәселесі туралы ұмытпау керек екенін атап өтті.
«Елінің дамуына лайықты үлес қосқан қоғамдық-саяси көшбасшыларын, ғылым және мәдениет қайраткерлерін қадір тұтпайтын халықтың келешегі де бұлыңғыр болмақ. Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның Тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына болашақ ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал, қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн. Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, полицияның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшуді басты міндет ретінде атады. Оның пікірінше, халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы полицейлердің адал қызметіне байланысты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы саланың бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.