Halyq Uni логотип
×

Коронавирустан айыққан Бауыржан Байбек жиналыс өткізіп, Елбасы жайында пікірін айтты

Партия төрағасының бірінші орынбасары «Парламент, партия таратылсын» дегендерге жауап берді

 Халық үні 18.01.2022 | 14:16
Коронавирустан айыққан Бауыржан Байбек жиналыс өткізіп, Елбасы жайында пікірін айтты
Бауыржан Байбек, партия төрағасының бірінші орынбасары

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиналыс өткізіп, отырыс қаңтар айының басындағы қасіретті оқиға кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіз еске алумен басталды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық». Еліміз осы күндері ауыр сынақты бастан өткерді. Сын сағатта Мемлекет басшысының батыл шешімдер қабылдауының және халқымыздың даналығы мен сабырлығының арқасында қасіретті қаңтар оқиғаларынан өттік. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалдық. Қимас жандарынан айрылған барша отандастардың қайғысына тағы да ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған, соққы көрген азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ең бастысы, елдің тыныштығы, адамдардың амандығы екеніне тағы да көзіміз жетті. Қираған дүние түзелер, өртенген ғимараттар қалпына келер, бірақ жүрегімізге түскен сызат ешқашан өшпейді, – деді Б.Байбек.

Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы Мемлекет басшысы қойған әлеуметтік-экономикалық саладағы нақты міндеттерді орындауға өзінің бүкіл ресурсын іске қосқанын жеткізді. 

Одан бөлек, партия төрағасының бірінші орынбасары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Күшіміз – бірлікте!» деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – Nur Otan партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. Nur Otan партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. «Ұлы істер үндемей бітеді» демекші, бұл – даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан біз айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал, жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн, – деп атап өтті ол.

Бауыржан Байбек Елбасы небір пікір айтушылар көбейгенін айтты.

Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындады. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өзінің оң бағасын алары сөзсіз. Ал, осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол – сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын, – деді ол.

Бауыржан Байбек атап өткендей, 30 жылға енді толған Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттіліктің дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығының дәстүрін қалыптастыра білуіміз шарт.

Біз үшін қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды. Сондықтан Елбасы құрған Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазіргі таңда біз алда болатын кезектен тыс Съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды Президенттің маңайына топтасып, елдің амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер. Кім не десе де, Nur Otan партиясы – Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін – қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын, – деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама