Ресей елшісі Қазақстанның қонақжайлығына баға берді
Бородавкин Қазақстан халқының Ұлы Жеңіске қосқан үлесін ерекше атап өтті
Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Ұлы Отан соғысының басталған күніне қатысты пікір білдіріп, Қазақстанның жеңіске қосқан үлесін атап өтті.
1941 жылдың 22 маусымы Отан тарихындағы қайғылы күндердің бірі. Германия Кеңестер Одағына шабуыл жасады. Бұл одақ халқының басына қара бұлт үйірілген, талай отбасының шаңырағына қайғы әкелген қатыгез соғыс еді, - деді ол.
Саясаткердің айтуынша, Кеңес Одағы 27 млн халқынан айырылды. Осы орайда, ол Қазақстанның жеңіске қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Қазақстанда жасақталған әскер ерлікпен шайқасты. 1 млн 350 мың қазақстандық соғысқа аттанды. 528 жауынгер мен командир Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды», - деді Алексей Бородавкин.
Ол сонымен қатар қазақ елінің мыңдаған босқын халыққа пана болып, соңғы нанын бөліп берген бауырмалдығы мен қонақжайлығына жоғары баға берді.