×

Торғай облысы құрылуы мүмкін бе? Облыс әкімі жауап берді

Торғай облысы алғаш рет 1970 жылы құрылып, орталығы Арқалық қаласында болған

 Қанат Атаманов 22.06.2022 | 19:30
Фото: ашық дереккөздерден

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Торғай облысын құру мәселесін көтерді. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай облысын қайта құруға қатысты өз ойын айтты. Облыс басшысының айтуынша, жаңа аймақты құру туралы шешімді жергілікті органдар емес, президент қабылдайды. Ал жаңа облысты құрғанда аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына қарайды.

Біз Арқалықты дамыту бойынша кешенді жоспарды даярлаймыз. Ақша үш жерден бөлінеді. Үкіметке кешенді жоспарды таныстырамыз. Оны 2028 жылға дейін іске асырамыз. Ал тұрғындар облысты бөлуге қатысты өз пікірін айтуы мүмкін, жалпы, біз қолдаймыз. Алайда соңғы шешімді жергілікті органдар қабылдамайды, - дейді Архимед Мұхамбетов.

Осы орайда облыс әкімі Торғай облысын жаңғыртудың негізгі шартын атады. Ол үшін халық саны өсуі керек. Мәселен, бұрын Арқалықта халық көп тұрған. Қазір күрт азайып кетті.

«Дәл осы мәселе жаңа облысты құруға кедергі болып тұр. Сондықтан бізге баспана көбірек салып, жұмыс орындарын ашу керек. Тұрақтылық болуы қажет. Сонда адамдар кетпейді. Бізге адам капиталы керек. Сол кезде Торғай облысын құруды де көтеруге болады», - деді аймақ басшысы.

Айта кетсек, Торғай облысы алғаш рет 1970 жылы құрылып, орталығы Арқалық қаласында болған. 1988 жылы 2 маусымда облыс таратылды. Ал 1990 жылы 17 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысымен облыс қайта құрылды. Бірақ жеті жылдан кейін 1997 жылы 22 сәуірде Қазақстан президентінің жарлығымен жойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама