Бибісара Асаубаева Тоқаевпен кездесудің алдында шахмат федерациясы басшылығын сынға алған еді
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның Қазақстан шахмат федерациясының биліктен 3 млрд теңге ақша сұрамақ болғаны жайлы мәлімдемесіне жауап берді.
17 жасында блицтен әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева федерация президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың шахматшыларды Президент әкімшілігіне 3 млрд теңге сұрау үшін апарғанын айтып, чемпиондарды қайыршы етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін айтты.
Бүгін ҚР президенті әлем чемпиондары мен халықаралық гроссмейстерлер – Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева, халықаралық шебер – Меруерт Камалиденова және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовпен кездесті.
Осы кездесуден кейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пікір білдіріп, 3 млрд теңге туралы сөз болмағанын жеткізді.
«Кездесуде федерация президенті миллиардтаған теңге сұраған жоқ. Біз ол жерде шахматты қалай дамыту туралы мәселені қозғадық. Әрине, инфрақұрылымды дамыту туралы мәселе көтерілді. Ол үшін қажетті қаржы да бар. Ол қаржының негізгі бөлігі демеушілердің есебінен болады», - деді министр.