×

Атлеттер Америкадан 21 медаль алып келді

Едіге Емберді рекорд жаңартып, турнирдің ең мықты спортшысы атанды

 Дастан Жұмабекұлы 22.06.2022 | 15:08
фото: olympic.kz

11-18 маусым күндері ауыр атлетикадан Мексиканың Леон қаласында жасөспірімдер арасында  өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды.

Жарыста отандастарымыз 21 жүлдені иеленді. Оның ішінде 12 алтын, үш күміс және алты қола медаль бар. Ал Едіге Емберді рекорд жаңартып, турнирдің ең мықты спортшысы атанды.

Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралиновтың айтуынша, жарысқа қатысушылардың виза алу кезінде қиындық болды. Сол себептен спортшылардың көбісі әлем чемпионатына алғаш рет қатысып қайтты.

«Әуелі әлем чемпионатындағы жеңісімізбен құрама команда мен жаттықтырушылар штабын құттықтаймын! Қыз-жігіттірдің көбісі жарысқа алғаш рет қатысты. Дегенмен да жақсы нәтиже көрсетті.  Жаттықтырушылар штабы көп жұмыс істеді. Оны мойындау керек.

Әрине, додаға дайындық кезінде виза алу қиын болды. Бізге Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Мексика мен Түркиядағы елшіліктері зор көмек берді. Жарыс қорытындысы бойынша біздің құраманың қоржынына 21 медаль түсті. Бұл ауыр атлетиканың Қазақстандағы №1 спорт түрі екенін көрсетіп отыр. Біздің спортшыларымыз әлі құрлықтық, әлемдік жарыстар мен Олимпиада ойындарында өздерін көрсетіп, дәлелдейді», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама