«Көшедегі митингтерге емес, осы жерге келсін»: Қошанов Қоғамдық палатаға оппозиция өкілдерін ұсынды

Динара Амантай

Мәжіліс төрағасы заң жобаларын талқылауда қоғамдық пікірді ескеру қажеттігін айтты

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның құрамына конструктивті оппозиция өкілдерін, Үкіметтік емес секторды қатыстыру қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, Қоғамдық палатаның құрамы келесі аптада айтылады. Осы институт аясында бұған дейін Парламент қабырғасындағы талқылауларға қатыспаған сарапшылар келеді. Қоғамдық талқылаулар елдегі аса резонансты заңдардың жобасын қабылдау кезінде маңызды рөл атқарады.

Таяуда жеке тұлғалардың банкроттығы жөнінде үлкен заң келеді. Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекс жобасы талқыланады. Отбасы институтын дамыту туралы заң жобасы қаралады. Мұның бәрі – қоғамда қызу пікір тудырып жүрген үлкен мәселелер. Біз соның бәрімен кері байланыс орнатуымыз керек. Азаматтар көшедегі митингтерге емес, осы жерге келсін. Біз соған мүмкіндік берейік, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен бірге Мәжіліс төрағасы Қоғамдық палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты мәселелерді бірінші оқылымға дейін қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру екендігін айтты.

«Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, бізге айтылып жүрген сын көп. Шынымызды айтайық, «Заң шығарушылар халықтан алшақтап кеткен» деген түсінік бар. Яғни, халық бір жақта, қоғам бір жақта, заң бір жақта жұмыс істеп жатыр деген пікір бар. Сондықтан, бұдан былай резонансты мәселелерді талқылаған кезде бейнебайланыс арқылы өңірлердегі қоғамдық кеңестерді де қосуымыз керек. Солар арқылы жергілікті азаматтардың пікірін ескере аламыз. Палатаның құрамы заңдардың ерекшеліктеріне, бағыттарына байланысты өзгеріп тұрады. Басым көпшілігі депутаттар емес, қоғам белсенділері болады. Мүмкін конструктивті оппозиция дейміз, оларды да қатыстырайық. Үкіметтік емес сектордың өкілдері де тартылады», - деді Ерлан Қошанов.

Еске сала кетсек, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда палата жанынан әртүрлі ұстанымы бар саяси ұйымдар өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерін қатыстыратын Қоғамдық палата құру туралы ұсыныс айтқан еді.