Halyq Uni логотип
×

«20 жыл бұрын қабылданған». Министр геодезия туралы заңды қайта қарауды ұсынды

Елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған

 Дәурен Ерболат 22.06.2022 | 11:16
«20 жыл бұрын қабылданған». Министр геодезия туралы заңды қайта қарауды ұсынды
фото: ашық дереккөз

Мәжілістің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заңды қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«20 жылдың ішінде геодезия және картография саласы үлкен өзгеріске ұшырады. Өндіріске цифрлық технологиялар мен спутниктік құралдар енгізіліп, кеңістіктік деректердің дәлдігі мен тиімділігіне, қолжетімділігіне деген талаптар күшейді. Сондықтан олқылықтар мен қайшылықтарды жөндеу үшін қазіргі заңды редакциялап, ілеспе заң қабылдау қажет», - деді Бағдат Мусин.

Негізгі Заңның жобасы жүзеге асса, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы мен сапасы, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жеделдігі артады, әрі адал бәсекелестікке жол ашылады.

Сонымен қатар құжаттар Қазақстанның бірыңғай цифрлық картографиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін дәлдігі жоғары геодезиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз етуді көздейді.

Бүгінде елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған. Бұл жүйе қазіргі заманның талаптарына сай емес, әбден ескірген, деректердің дәлдігі мен тиімділігі төмен, - деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаталар жүйесі жоқ. Соның салдарынан шектеу белгісі бар мәліметтерді пайдаланбас үшін субъектілер ашық көздердегі, яғни бұрыс жүйелерді қолданып жүр.

«Мысалы, бір елді мекеннің әртүрлі, бірнеше координат жүйесі болуы ықтимал. Заң жобасында қарастырылған жаңашылдықтардың бірі – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын (ҰКДИ) енгізу, яғни ақпараттар дәл, жедел және өзекті болуы үшін кеңістіктік деректер бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптарға сай қалыптастырылатын болады», - деді министр.

Сонымен қатар ілеспе заң жобасында Жер кодексіне, «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

Отырыста ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қарулы күштері бас штабының өкілдері заң жобалары Қазақстанның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама