Медициналық-әлеуметтік мекемеде жарамдылығы өтіп кеткен тамақ берілген
Павлодардағы медициналық-әлеуметтік мекемелерле мүмкіндігі шектеулі жандарды жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдермен тамақтандырып, қолдарын қайырып ұстағаны белгілі болды, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Прокурорлар мүмкіндігі шектеулі павлодарлықтарды қызметкерлер қорлағаны туралы мәлімдеді. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тексеру барысында өрескел фактілер анықталды. Облыстың мыңнан астам арнайы тұрғыны әлеуметтік қызмет пен арнайы құрал-жабдықты алмаған болып шықты.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсетуге арналған 13 миллион бюджет қаражаты заңсыз игеріліп, ұрланған. Бірден бірнеше медициналық-әлеуметтік мекемеде жарамдылығы өтіп кеткен тамақ берілген.
Прокурорлар лауазымды тұлғаларға 45 қадағалау актісін жіберді. Кінәлілер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде қамқорлыққа алынғандарға қатыгездік көрсету фактілерін анықтадық. Сонымен, тексеру барысында бейнекамералардағы жазбалар алынды. Нәтижесінде санитардың мүмкіндігі шектеулі адамды балағаттағанын, палатада қолын қайырып отырғанын анықтадық. Облысымыздың, барлық жерде мүгедектердің құқығы бұзылып жатыр», – дейді Павлодар облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің жетекшісі Асхат Көкымбаев.