«Тығыз жұмыс істеуге дайынбыз». Президент Грузияның премьер-министрімен не туралы сөйлесті

Дәурен Ерболат

Кездесуде екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды

Фото: akorda.kz

Катарда өтіп жатқан экономикалық форумда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Сіздің назарыңызды ынтымақтастықты дамыту перспективаларына аударғым келеді. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін ұлғайту. Менің ойымша, біз өнімдерді өзара жеткізуді арттыра аламыз. Қазақстанға және Орталық Азияның басқа да елдеріне тауар жеткізу жағынан Грузияның үлкен қоры бар. Осы бағытта тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Президент.    

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласында: Қазақстанның Ақтау және Құрық айлақтарының, сондай-ақ Батуми теңіз айлағының әлеуетін пайдалана отырып, қос ел арасындағы жүк тасымалын бірлесіп жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

Ираклий Гарибашвили уақыт бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Грузияның Қазақстанмен арадағы көпжақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, Грузияның премьер-министрі келесі айдың аяғында Қазақстанға келуді жоспарлап отыр.