Қазақстанға Катар бизнесі келе жатыр
Тоқаев екі елдің байланысын жандандыруды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катардың әмірі шейх Тамим бен Хамад әл Тәнимен кездесті.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Катар арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және даму перспективаларын жан-жақты талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тамим бен Хамад әл Тәниге ілтипат білдіре отырып, форумға шақырғаны және жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келіп, екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткіштерін арттыру маңызды екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.
Біздің бірқатар инвестициялық жобаларымыз бар. Бүгін соларды сіздермен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Қазақстан компаниялары осы бағытта Катар бизнесімен тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Бүгінгі экономикалық форумға Қазақстанның қатысқаны – мен үшін үлкен мәртебе. Біздің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірлескен жобаларды, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында іске асыруға дайынбыз. Бұл еліміз үшін басым бағыт және жуық арада агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы топ жібереміз, – деді Катар әмірі.
Әңгіме соңында Тамим бен Хамад әл Тәни Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жақын арада елімізге сапармен баратынын ескертті.