Қазақстанға санкцияның кесірін тигізбеу талқыланды

Дастан Жұмабекұлы

Тауарларды Еуропаға жеткізудің қосымша жолдары қаралды

фото: gov.kz

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 19-отырысына қатысты.

Келіссөздерде еуропалық тараптан ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Катрин Колонна болды.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қарашадағы Брюссельге ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуроодақ басшылығы арасындағы уағдаластықтарды іске асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларды іске асыру барысы талқыланды.

М.Тілеуберді еуропалық әріптестерін ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның қорытындылары туралы хабардар етіп, оны «елдің саяси жүйесін терең демократияландыру мен жаңғыртуға – жаңа Қазақстанды құруға бағытталған», Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды элементі деп атады. Ол сондай-ақ, еуропалық тарапты «қайғылы қаңтар» оқиғаларын тергеу барысымен таныстырды.

Өз кезегінде, К.Колонна Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге жақсы баға беріп, елдің ЕО-ның Орталық Азия өңіріндегі сенімді әріптесі екенін, ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша одан әрі сындарлы өзара іс-қимыл жасау үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті. 

Бүгінгі күні Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы серіктестік бұрынғыға қарағанда да маңыздырақ болды, - деді француз министрі.

Іс-шара шеңберінде тараптар «жасыл» экономикаға көшу, сауда және инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, білім және ғылым және басқа да басым бағыттарға назар аудара отырып, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) іске асыру барысын нақты талқылады.

М.Тілеуберді  Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын айтып, ЕО басшылығын Қазақстанға жауапты сапармен келуге шақырды. Ол экономикалық қатынастардың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, тараптар Украина аумағындағы қақтығысқа байланысты ЕО санкцияларының қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау жолдары туралы пікір алмасты.

Келіссөздер барысында тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге, атап айтқанда, сирек кездесетін металдар мен «жасыл» сутегін өндіру және қайта өңдеу саласында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегінің бұзылуына байланысты қосымша маршруттар құрудың маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті, атап айтқанда, ЕО-ның «жаһандық қақпа» жаңа бағдарламасын «Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен» ұштастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Еуропалық одақ елдері бүгінде жиынтық тауар айналымы 29 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында ғана бұл көрсеткіш 12,6 млрд АҚШ доллары болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға көп.

ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2021 жылы 10,1 млрд АҚШ доллары болды. Бұл өткен жылға қарағанда 24,3%-ға көп. Негізгі салымдар Нидерланды, Бельгия, Франция, Кипр, Люксембург және Германия сияқты Еуропа елдерінің компанияларынан түседі.

Білім және ғылым саласында тараптар Еуропалық одақтың «Erasmus+» және «Horizone Europe» академиялық және ғылыми алмасу бағдарламаларына қатысуға тарту арқылы қазақстандық жастардың әлеуетін нығайтуға одан әрі жәрдемдесу перспективаларын талқылады.

КӘЫК-ті іске асыру шеңберінде ЕО елдеріне баратын Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету де маңызды мәселе. М.Тілеуберді бұл мәселе біздің ынтымақтастығымыздың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, визалық режимді ырықтандыру бойынша еуропалық әріптестермен келіссөздердің тез арада басталатынына сенім білдірді.

Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу аясында халықаралық қоғамдастықтың Украина аумағындағы қақтығысты реттеу жөніндегі бірлескен күш-жігеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан басқа, тараптар ЕО-ның Орталық Азия және Еуропа мен Азияның өзара байланысы бойынша стратегияларын іске асыру шеңберіндегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, Ауғанстандағы жағдайды қоса алғанда, өңірлік қауіпсіздік проблематикасын қозғады.

Іс-шара соңында М.Тілеуберді мен К. Колонна бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.