«Самұрық Қазына» қорына басшылық қызметке кіретін ТОП-менеджерлердің мемлекеттік тілді меңгеруі маңызды емес
«Самұрық Қазына» АҚ қорға жұмысқа алынатын мамандарға қазақ тілін білу туралы талап қойып отырған жоқ.
«Қордағы қандай да бір қызметке маман таңдау барысында ең алдымен үміткердің кәсіби біліктілігіне, жеке қасиеттеріне, бұған дейінгі тәжірибесі мен білім деңгейіне көңіл бөлінеді. Себебі, үміткер ең алдымен өз бағыты бойынша мықты маман болуы шарт. Тілдерді меңгеру туралы талап жоқ, алайда қызметкер жеке даму жоспары аясында қазақ тілін үйрене алады», - делінген қордың баспасөз қызметінің Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін «Самұрық Қазына» АҚ баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихаты кезінде «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев журналистің компания басшылығының айлығына қатысты қазақ тілінде қойған сұрағына орыс тілінде жауап берген болатын. Осыған орай редакция қорға «Ұлттық компанияның топ-менеджері лауазымына алынатын мамандарға мемлекеттік тілді білу туралы талап қойыла ма?» деген сауал жолдады. Сауалымызға жауап берген қор «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының жұмысқа алынғанына түсініктеме берді.
«Дәурен Қарабаев – банк саласында, халықаралық аудиторлық компанияларда қызмет еткен, шетелде білім алған (Техас университеті, қаржы саласының магистрі) кәсіби маман. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Д. Қарабаевты қызметке шақырарда оның тіл білу-білмеуіне емес, қаржы саласындағы білімі мен тәжірибесіне қарады», - деді қорда.
Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерін оқыту және дамытуға аса мән беретінін атап өтті.
«Олардың кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін дамытуға арналған онлайн оқу бағдарламалары үнемі жүргізіліп тұрады. Жыл сайын әрбір қызметкер өзінің жеке оқу жоспарын құрады. Қызметкерлерге ұсынылатын оқу бағдарламаларының ішінде қазақ тілі курстары да бар», - делінген ресми сауалдың жауабында.
Сонымен бірге, қор қызметкерлеріне қазақ тілін үйренуге арналған министрлік әзірлеген 11 отандық IT-платформаны таныстырған. Тегін платформалардың ішінде мынадай сайттар бар: Tilqural.kz, Balatili.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Termincom.kz, Emle.kz, Sozdikqor.kz, Qazcorpora.kz, Qujat.kz, Atau.kz, Qazlatyn.kz.