Өрттен екі жастағы бала да көз жұмған
20 маусым күні сағат 01.54-те Жітіқара қаласы №12 ӨСБ байланыс пультіне Жітіқара ауданы полиция кезекші бөлімінің көмекшісінен Комсомольская көшесіндегі тұрғын үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.
Куәгер 102 қызметіне қоңырау шалып, үйдің өртеніп жатқанын айтты.
Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына Жітіқара қаласының 12-ӨСБ-нің қызметкерлері мен ауданның басқа да шұғыл қызметтерінің өкілдері жіберілді.
Олар сағат 01.58-де өрт сөндіруге кірісіп, жарты сағатта соң, яғни 02.26-да ауыздықталып, кейін толығымен 02.54-те сөндірілді.
Тілсіз жаудың кесірінен 1959 жылы туған үйдің иесі, оның 1983 жылғы ұлы, 1986 жылғы қызы мен немересі қаза тапты. Немересі 2020 жылы туған. Қолда бар мәліметке қарағанда, үйдің ағаш верандасы мен бөлмелері түгел жанып кетті. Қазір өрттің себебі анықталып жатыр.