Кәрім Мәсімов ресми түрде «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген күдікпен қамауға алынды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен алынып, мемлекетке опасыздық жасау күдігімен тергеуге алынғаны сол екен, ел арасында оған қатысты өзге де айып тағушылар шыға бастады. Оның ішінде біреудің бизнесін тартып алу, «Қорғас» бекетінен түсетін пайданы қалтаға басу, тіпті 2012 жылғы «Арқанкерген» оқиғасына да экс-шенеунікті айыптаушылар бар. Ақырғысы, халық арасында «жемқорлыққа қойылған ескерткіш» деп аталып кеткен LRT жобасына Мәсімовті кінәлап жатқандар да бар. Halyq Uni тілшісі сол «айыптауларды» тізбелеп көрді.
МЕМЛЕКЕТКЕ САТҚЫНДЫҚ ЖАСАУ
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 6-қаңтарда Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімов және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастағанын әрі олардың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілгенін жариялады. Арада тура бір апта өткенде олар басқа да айыптар бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді. Онда «билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер дерегі бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталғаны» айтылды. Ал күдікке алынғандардың ішінде Мәсімовтен бөлек ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды.
Бұл айыптар расталған жағдайда азаматтықтан айыру, оған қоса, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«LRT ІСІНІҢ БАСЫНДА МӘСІМОВ ТҰР»
LRT ісі бойынша шетелде қашып жүрген Қанат Сұлтанбеков Қазақстандағы қаңтар дүрбелеңінен кейін әлеуметтік желіде белсенді болып, ойын ашық жаза бастады. Ол Facebook желісінде АҚШ-та серуендеп жүрген суреттерін салып, артынша LRT ісіне Кәрім Мәсімовті кінәлай жазған пост жазды. Халықаралық іздеуде жүрген экс-шенеунік LRT ісі бойынша жан-жақты тергеу жүргізуге кедергі келтіріп, жауап беруге – өз позициясын айтуға мұрша бермей, бар айып өзіне жабылғанын айтты.
Одан бөлек, LRT ісіне Әділбек Жақсыбеков пен Нұралы Әлиевтің де қатысы барын жазды. Қанат Сұлтанбековтің айтуынша, 2014 жылы BRT салынайын деп тұрған желінен жобаны LRT-ға ауыстырған сол кездегі қала басшысы (Әділбек Жақсыбеков – ред.) пен қала әкімінің орынбасары (Нұрәлі Әлиев) екенін айтты. Сондай-ақ 2015 жылы Кәрім Мәсімов үкіметті басқарып тұрғанда Қытайға жұүмыс сапарымен барып, LRT-ны қытай компаниялары салады деген талаппен халықаралық қарыз алуға келісіп қайтқанын мәлімдеді.
«АРҚАНКЕРГЕН ҚЫРҒЫНЫ – МӘСІМОВТІҢ ІСІ»
13 қаңтарда Мирболат Мырзатайұлы есімді журналист Facebook желісінде Кәрім Мәсімовті бірнеше жағдайға кінәлі етіп айыптаған жазба қалдырды. Алайда, журналист жазба авторы өзі емес, белгісіз біреу екенін көрсеткен.
«Қорғас» бекетінен түсетін табыс тікелей Кәрім Мәсімов пен Болат Назарбаевтың жеке қалтасына құйылып отырған. Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бері комитетті басқарып келе жатқан уақыт ішінде «Қорғастан» мемлекетке бір тиын түспепті. Соның салдарынан мемлекетке 1,5 млрд доллар зиян келген, деп жазды.
Сонымен қатар, әрбір қалада көлеңкелі бизнестері барын, ешқандай мүлкіне салық төленбейтінін, жалған компаниясына мемлекеттен 7 млрд теңге несие алып, оны да төлемегендігін, тіпті соған мемлекеттен субсидия алып үлгергендігін жазады.
Автор Кәрім Мәсімовті сонау 2012 жылғы Арқанкерген оқиғасына да кінәлі деп тауыпты. Жазуынша, Болат Назарбаев пен Кәрім Мәсімов Малайзиядан Қытай арқылы есірткі тасымалдатқан. Соны жасыру үшін бар бүлікті Челахтың мойнына іліп отырғанын айтады.
Сондай-ақ, автор алдағы уақытта Мәсімовтің елорда іргесіндегі Қосшы қаласындағы саяжайында есірткіге мас болып, қыздармен демалып жатқан видеосымен де бөлісетінін жазыпты.
МАРҒҰЛАН СЕЙСЕМБАЙ: «МӘСІМОВ БАНКІМДІ ТАРТЫП АЛДЫ»
13 қаңтарда Қазақстандық инвестор, саяхатшы, қоғам қайраткері және бизнес-философ Марғұлан Сейсембай қырғызстандық TV1KG телеарнасының «Вечер Трудного Дня» бағдарламасына берген сұхбатында өзіне тиесілі банкті Кәрім Мәсімовтің тартып алғанын айтты.
Кәрім Мәсімовтің тікелей өзі менен банкімді тартып алған адам. Бұған дейін айтпай келдім, фамилиясын атамадым. Енді міне, айтып отырмын. Өйткені, ол енді жоғары лауазымда отырған жоқ. Менің мүлкімді тартып алуға кім және қалай қатысқаны туралы кейінірек пост жазармын, – деді Марғұлан Сейсембай.