Петропавл тұрғыны гаражынан граната тауып алды
Жарылғыш заттармен айналысатын мамандар келгенше зейнеткер затты сыртқа алып шыққан
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, 61 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны сатып алған гаражын тазалап жүріп, металл кастрюльден гранатаға ұқсас зат тауып алған.
Қария бірден «102» арнасына қоңырау шалып, полицияға қауіпті зат туралы хабарлаған. Жарылғыш заттармен жұмыс істейтін техник мамандар келгенше зейнеткер затты сыртқа алып шыққан. Анықталғандай, табылған зат F-1 оқу гранатасы болып шықты.
Күдікті зат тауып алған жағдайда, дереу полицияға хабарлау керек. Ешқашан қауіпті затты орнынан жылжытуға тырыспаңыз. Мұндай әрекет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін есте сақтаңыз. Сондай-ақ, қару мен оқ-дәріні өз еркімен тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады, - деп ескертеді полиция өкілдері.