Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйеліне қатысты қылмыстық іс тіркеуге алынды - дереккөз

Ербол Тұрымбет

Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті ақпаратты жоққа шығармады

фото: ашық дереккөзден

Белгілі журналист Михаил Козачков Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға қатысты «Рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық істі тіркегенін хабарлады.

Журналистің жазуынша, Нұрша Какенов есімді кәсіпкер құзырлы органдарға шағымданған. Ол Karuan ЖШС иелерінің бірі болғанын, бірақ оның үлесін тартып алғанын айтқан. Кәсіпкер шағымында 150 миллион доллар шығын келтіргенін жеткізген.

Ашық дереккөздерде Karuan ЖШС-ның Маңғыстау облысында марганец өндірумен айналысқаны көрсетілген. Egov.kz дерегінше, 2006 жылдың басына дейін Нұрша Какенов компания иелерінің бірі болған, ал сол жылы ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы Болат Назарбаев болған.

Ал 2018 жылдың ақпан айынан бастап компания екі заңды тұлғаға тиесілі - «Central Asian Investment Consulting Company» ЖШС және Кипрде тіркелген ILMAX LTD.

2021 жылы Karuan ЖШС жұмысын тоқтатты.

Қылмыстық істің тіркелгені туралы ақпараттың анық-қанығын білу үшін Halyq Uni тілшісі Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда, ведомство бұл ақпаратты растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.