30 гранатомет қылмыскерлердің қолында – полиция
Бүгінде олардың қолында 2 мыңнан аса қару бар
Ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды әлі таба алмай жатыр, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің айтуынша, бүгінде полицейлер 56 күдіктіге қатысты 553 қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ішкі істер органдары 255 күдіктіні қамаудан босатты. Оларды қоғамнан оқшалауды көздемейтін бұлтартпау шаралары таңдалды. Одан басқа, соттың үкімі бойынша 332 сотталушы қамаудан босатылды. Қазір өндірістегі қылмыстық істер бойынша 14 адам қамауда отыр: Алматы қаласында – 8 адам, Алматы облысында – 3 адам, Жамбыл облысында – 3 адам. Олардың барлығы ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінді, - деді Санжар Әділов ОКҚ-да өткен брифингте.
ІІМ қызметкерлері 565 айыпталушыға қатысты 344 қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдаған.
«Мұндай істердің негізгі бөлігін бөтеннің мүлкін ұрлау жөніндегі істер құрайды – 257, қаруды заңсыз сақтау – 37, қаруды ұрлау – 18, көлікті айдап кету – 5 және тағы басқа. 382 адам сотталды. Оның ішінде 46 адам бас бостандығынан айырылды. Олар бұрын сотталған және кінәсін мойындамаған, келтірілген залалды өтемеген», - деді Тергеу департаментінің басшысы.
Қазір полицейлер 1 625 қару-жарақ тапқан: 10 гранатомет, 6 оқ атқыш, 160 автомат, 113 кесілген қару, 361 тапанша, 253 граната, 41,1 мыңнан аса оқ-дәрі.
Санжар Әділов осыған қарамастан қылмыскерлердің қолында бірталай қару барын ашық айтты.
«Бүгінде қылмыскерлердің қолында ауқымды арсеналы бар. Мысалы, ұрланған қарудың 2 мыңнан аса бірлігі, оның ішінде 30 гранатомет, 2 оқ атқыш, 122 автомат пен 379 тапанша бар. Бұл – зор қауіп. Өйткені, қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады», - деп түйіндеді сөзін басшы.