Министрлік Ресей вагондарына қатысты ақпаратты жоққа шығарды
Жалған мәлімет таратқандар жауапкершілікке тартылады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан өз аумағында көмір тиелген ресейлік теміржол вагонының қозғалысын бұғаттап тастағаны туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
ТМД медиа-кеңістігінде Қазақстан өз аумағында көмір тиелген ресейлік 1700 теміржол вагонының қозғалысына кедергі келтірілді деген жалған ақпарат таралуда. Осыған байланысты еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитеті ресми пікір білдіріп, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Шын мәнінде Қазақстан аумағында көмір тиелген Ресейдің 1700 вагоны жоқ. РТЖ жолдарында да Қазақстанға бағытталған немесе Қазақстаннан шыққан көмірі бар вагондар тіркелмеген. Ресей темір жолдарымен штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, экспорт пен импорт бойынша ешқандай кідіріс жоқ, – деді ИИДМ Көлік комитеті теміржол инфрақұрылымы және жүк тасымалы басқармасының басшысы Сәтжан Өзбеков.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресейлік транзиттік вагондардың кешігуі туралы жалған ақпаратты екі ел арасындағы тату көршілік қатынасты әлсіретіп, беделін түсіруге бағытталған қасақана жасалған іс-әрекет ретінде қарастыратынын жеткізді.
Сондай-ақ, ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан және Ресей заңнамасында да жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.