Halyq Uni логотип
×

Асқар Ақаев ҚазҰУ-да дәріс оқып, университеттің «Құрметті профессоры» атанды

Өзінің ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын жеткізді

 Еркеғали Болатұлы 20.06.2022 | 10:25
Асқар Ақаев ҚазҰУ-да дәріс оқып, университеттің «Құрметті профессоры» атанды
фото: dknews.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, Ресей ғылым академиясының академигі, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев көшбасшылық дәріс оқыды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚазҰУ-ға арнайы келген ғалым алдымен қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған кітап және сурет көрмесін тамашалап, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты. Оның «Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы (компьютерлік болжау және математикалық модельдеу)» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҰҒА академиктері, ғалымдар, қаламгерлер, ҒЗИ басшылары, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

«Асқар Ақайұлы – өте білімді, ерекше тұлға. Тәжірибелі ғалым ретінде Қырғызстанда есептеу оптоэлектроника және голография бойынша қырғыз ғылыми мектебін құрды. Аталмыш орталықтан көптеген ғалымдар мен докторлар шықты. Осылайша профессор әлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талдау мен болжаудың ғылыми мектебін қалыптастырды.

Ресей, АҚШ, Жапония және Еуропаның жетекші ғалымдарымен бірге терең зерттеулер жүргізді. 400-ден астам ғылыми мақала мен 15 кітаптың авторы, – деді университет ректоры Жансейіт Түймебаев.

Ал Асқар Ақаев білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіре отырып, өзінің ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Биік табыстарға көптеген жоғары оқу орындары өте ұзақ жолдан өтіп жетеді. Бұл – жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі», – деді ол.

Дәріс барысында академик «Демографиялық ауысу» ұғымына кеңінен анықтама берді. Сонымен қатар әлем елдері тарихындағы демографиялық өзгерістер, оның себеп-салдары туралы айтып берді. Сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының сұрақтарына жауап беріп, ғылымдағы тәжірибесімен бөлісті.

Көшбасшылық дәрістен кейін Жансейіт Түймебаев академикке «ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры» атағын табыстады. Ал Ақаев ҚазҰУ-ды үздік бітірген докторанттарға салтанатты түрде дипломдарын табыстап, сәт-сапар тіледі.

Айта кетсек, ертең де Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Асқар Ақаевтың «Цифрлық экономика (нұсқалар мен болжамдар)» тақырыбындағы екінші көшбасшылық дәрісі өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама