Halyq Uni логотип
×

Жапон ғалымдары Алаш Орда туралы сенсациялық жаңалық айтты

Бұл бірнеше қате тұжырымды түбегейлі теріске шығарады

 Дастан Жұмабекұлы 20.06.2022 | 09:21
Жапон ғалымдары Алаш Орда туралы сенсациялық жаңалық айтты
коллаж: Halyq Uni

Белгілі ғалым Сұлтанхан Жүсіп Жапония ғалымдарының «Алаш» туралы сенсациялық жаңалық жариялағанын хабарлады.

Ол жапон ғалымдары Рёсуке Оно мен Томохико Уяманың Жапония Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат тарихы мұрағатынан Алаш Орда қозғалысына қатысты тың құжатты тапқанын мәлімдеді.

«Бұл құжат Алаш Республикасының тарихын түгендейді, жетпей тұрған аса маңызды бір сәтін толықтырады (құжат туралы мына сілтемеден толығырақ оқуға болады», - деді ол.

Одан әрі ол құжат туралы мынадай мәлімет берді. Осы ретте оқырмандар назарына әлихантанушы ғалымның мақаласын толық беруді жөн көріп отырмыз.

Ол құжат – көрнекті Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының (Мәрсеков) Алаш Орда үкіметінің атынан 1919 жылдың қаңтарында Жапонияның Владивостоктағы Бас консулдығы арқылы жапон үкіметіне тапсырған хаты. Ол тек бірінші ғылыми сенсация. Екіншісі – Алаш Орданың Париж бейбіт конференциясына өз өкілін жолдамақ жоспары айтылған хат мазмұны.

Жапон үкіметінің егеменді Алаш Республикасын мойындауды, екіжақты қарым-қатынас орнатуды және жас Қазақ мемлекетіне көмек беруді өтінген хат отандық және шетелдік алаштанушылардың бір емес, бірнеше қате тұжырымын түбегейлі теріске шығарады. Олардың бірі «Алаш ешкім мойындамаған автономия» (Д. Аманжолова); екіншісі – «Алаш» жетекшілері егемендік пен тәуелсіздікке ұмтылған жоқ» (Д. Аманжолова, А. Бисембаев) деген тұжырым болса, үшіншісі – «Алаш автономиясы ресми түрде жарияланған жоқ, жариялағаны туралы дерек жоқ, демек автономия болған жоқ, тек оның Алаш Орда үкіметі болды» (М. Қойгелдиев) дегендей санаға қонбайтын тұжырым.

Ерекше назар аударатын маңызды мәселе – отандық және шетелдік алаштанушылар ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басында «облыстық» (мыс. «Сибирское областничество») және «автономия» деген ұғымдардың «дербес мемлекет», «республика» мағынасында қолданылғанын ескермейді. Оған, біріншіден, ХІХ ғасырдың 60-жылдары атақты орыс этнографы Г.Н. Потаниннің «Сібір облыстығы» қозғалысын құрып жетекшілік еткені үшін «Ресейден бөлінуді көксеген сепаратист» деген күдікпен сотталғаны дәлел болса, екіншіден, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 1905 жылы осы «Сібір облыстығының» қазақ бөлімі ретінде құрылғанын Әлихан Бөкейханның Г. Н. Потанинге 1905 жылы жазған хатынан көз жеткіземіз. Үшіншіден, Алашты қазіргі қолданыстағы, мысалға РФ құрамындағы Татарстан, Башқұрстан, Шешенстан сынды «автономия» емес, керісінше, 1922 жылы КСРО-ны құрған 3 славян және Кавказ республикаларын, яғни дербес мемлекет деп қарастырған – құқық және мемлекет теориясы тұрғысынан да, тарих және саясат тұрғысынан да әділ болады. Онда ІІ Жалпықазақ съезі (құрылтайы) Алашты неге бірден «Республика» ретінде құрмады деген сұрақ туса, оған қисынды да дәлелді жауап бар. 1917 жылғы қазақ облыстары мен екі бірдей жалпыұлттық құрылтай-сиездері «Ресей федерация болып жариялансын» деген ортақ қаулы қабылдағаны мәлім. ІІ Жалпықазақ құрылтайында Алаш міне сол алда Бүкілресейлік құрылтай «федерация» деп жариялайды деп күтілген Ресейдің басқа халықтармен тең құқылы автономиясы, яғни субъектісі ретінде құрылды. Оның өзінде де Алаш дайын Федерация құрамына кіре салмай, басқа тең құқылы автономия-субъектілермен бірге АҚШ үлгісі бойынша («The United States of America» (USA) деген «Америка Құрама Штаттары» емес, «Америка Мемлекеттерінің Одағы» не «Бірлестігі» болып аударылады. – С.А.) - сол федерацияны құруға тиіс еді.

«Алаш автономиясы ресми жарияланған жоқ, демек автономия болған жоқ» деген дақпырт тұжырымға келсек, Алаштың жарияланған-жарияланбағанын былай қойып, 1918 жылы 5 қаңтардан 6-сына қараған түні большевик Бүкілресейлік құрылтай жиналысын қуып таратқан соң, Ресейде халық мойындаған заңды орталық билік қалмады. Федерация деп жариялануға тиісті Ресей биліксіз қалған саяси жағдайда Алаш Республикасы өзінен жоғары тұрған мемлекеттік билік жойылып, күтпеген жерден егемендікке ие болды. Сөйтіп, 1918-1920 жылдар аралығында Алаш Орда Алаш Республикасы атынан өзінің егеменді сыртқы саясатын жүзеге асырып, 1918 жылдың наурыз-сәуір айларында Кеңес өкіметімен, маусым-қыркүйекте Сібір үкіметімен, 1918 жылдың маусым-қыркүйегінде өзін «тұңғыш бүкілресейлік антибольшевиктік үкімет» деп жариялаған Самар үкіметімен (Комуч), 1918 қыркүйек-қазан айларында «Уфа директориясымен», 1918 жылдың қараша мен 1919 жылдың қарашасына дейін адмирал Колчактың «Омбы үкіметімен», ал жапон ғалымдарының тапқан соңғы тың құжатына қарағанда, 1919 жылдың қаңтарында Жапония үкіметімен бір-бірін мойындау, күш біріктіру туралы егеменді сыртқы саясатын жүргізді. Кеңестік Қырғыз (Қазақ) АКСР болып қайта құрылған 1920 жылдың тамызында Алаш Республикасы егемендіктен айырылды. Сол егемендік арада 70 жыл өте 1991 жылдың 16 желтоқсанында емес, 1990 жылдың 25 қазанында қайта қалпына келтірілді.

Бір тарихи заңдылық – Кенесары ханның қайғылы қазасымен бірге Қазақ хандығы біржола ыдырап, оның үйіндісі үстінен және соның жер аумағында заманауи Қазақ мемлекеті – Алаш Республикасы да арада 70 жыл өте құрылған еді (1847-1917).

Ал Рёсуке Оно (Ryosuke Ono) и Томохико Уяманың (Tomohiko Uyama) Жапония Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат тарихы мұрағатынан тапқан Алаш Орда хатының екінші сенсациялық жаңалығы – Алаш Орданың Париж бейбіт конференциясына өз өкілін жіберуді жоспарлағаны. Райымбек Мәрсекұлының Жапонияның Бас консулдығына хат жеткізуі мен Мұстафа Шоқайдың Грузия мен Түркия арқылы Парижге аттануының қарама-қатар келуі – кездейсоқтық емес, Алаш Орда үкіметінің жаңа ғана құрылған жас Алаш Ұлттық Республикасын қайткен күнде де сақтау, халықаралық қауымға мойындату мақсатында атқарған саналы да жоспарлы іс-қимылы деп кесіп айтуға болады. Бұл, өз кезегінде, мұстафатанушылардың бірауыздан 29 жастағы Мұстафа Шоқай шетелге өз ықтиярымен, өз мақсат-мүддесімен кетті деген тұжырымын жоққа шығарады.

1919 жылдың 18 қаңтарынан 1920 жылдың 21 қаңтарына дейін жалғасқан Париж бейбіт конференциясына жете алмай, не бармай, Тифлисте кідіріп қалуы, Францияға тек 1921 жылдың жазында ғана жетуі – өз алдына ұзақ та маңызды бөлек тақырып. Жете алмай емес, бармай қалуының ең маңызды себебі – Париж бейбіт конференциясына азамат соғысы қайнап тұрған Ресейден және кешегі Ресей империясы аумағында құрылған жаңа мемлекеттік құрылымдар мен олардың үкіметтерін, оның ішінде Алаш Республикасы мен оның Алаш Орда үкіметін жібермеді. М. Шоқайдың 1919-1921 жылдары Тифлисте кідіріп қалуының «жұмбағы» осы болса керек. Бірақ Париж конференциясы Ұлттар Лигасының жарғысын мақұлдап, ол өзінің тұңғыш мәжілісін 1920 жылдың қаңтарында Парижде өткізді. ОГПУ-дың Қазақстандағы бөлімі қызметкерлерінің 1922 жылғы бір есебінде (рапортында) М. Шоқайды Алаш Орданың Ұлттар Лигасындағы өкілі деп көрсетуі де тегін емес еді.

Ал жапон үкіметінің Алаш Республикасын мойындау мен көмек көрсетуден бас тартуы Алаш Орда үкіметін амалсыздан Кеңес өкіметін мойындауға және соған қосылуға мәжбүр етті. Себебі, өзін өзі «Ресейдің жоғарғы билеушісі» әрі «диктатор» деп атаған және Ресейді қайтадан патшалыққа (самодержавиеге) айналдыруды, ал өзін сол патшалықтың жаңа императоры етуді көксеген адмирал Колчактан гөрі, 1917 жылдың 1 қарашасында «Халықтардың өзін өзі басқару құқы» декларациясын жариялаған Кеңес өкіметі - Алаш Орда басшыларының жас Қазақ мемлекетін сақтап қалудың жалғыз жолы болып көрінді. Мейлі ол Алаш атауын «Қырғыз» деп қате өзгертсін, 1925 жылдан бастап «Қазақ» деген төл этнонимін қалпына келтірсін, әйтеуір Қазақ ұлттық мемлекеті сақталып, ол мемлекет 1920 жылы айрылған егемендігін 1990 жылдың 25 қазанында қайта жариялап, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп «Алаш» арыстары Қазақ ұлттық мемлекеттігін сақтап қалды! Оны теріске шығаратын жан бар ма екен?!?

Тоқеретін айтқанда, Мұстафа Шоқай Парижге Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен аттанды. Қазіргі мұстафатанушылардың саяси ұстазы Әлихан мен оның шәкірті Мұстафаның саяси көзқарастары мен ұстанымдарынан «ұқсастық» пен «айырмашылық» іздеуі – қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеуді елестетеді.

Жапон ғалымдары ашқан жаңалық алдағы күндері ғылыми мақалада жан-жақты қарастырылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама