Қазақстан ядролық қарудан бас тартуды ұсынды
Бүкіл дүниежүзінде 13 400-ге жуық оқтұмсық бар
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Украинадағы жағдайдан кейін ядролық қаруға тыйым салу керектігін айтты.
Ол «Liter» газетінде шыққан мақаласында: «Украина аумағында болып жатқан қазіргі әскери жанжал, ядролық жағынан қарулануға қайта оралу мен ядролық соққы қолдану жөнінде бір-біріне қоқан-лоқы жасау бізді адамзаттың ең осал тұсы мен ажал оғын себетін бұл қаруға тыйым салу мен жою мәселесі туралы бұрынғы қай кездегіден де тереңірек ойлануда талап етеді», - деп атап өтті.
Оның айтуынша, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш атап өткендей, бүгінде бүкіл дүниежүзінде 13 400-ге жуық ядролық оқтұмсық бар. Сол себепті ядролық қаруды қолданудың мүмкіндігі шындыққа айналатындай кез келді.
«Рамблер.ru» хабарлауынша, Мұхтар Тілеуберді 2022 жылғы 21-23 маусым күндері Венада ядролық қару саласына қатысты тарихи оқиға – Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімшарт (ЯҚТК) елдерінің бірінші кездесуі өткелі тұрғанын еске салды.
«Біз ядролық державаларды қоса отырып, барлық мемлекеттерді БҰҰ-ның жүзжылдық мерекесіне, 2045 жылға дейін ядролық қаруларды кезең-кезеңімен толық жою жоспарын жасауға шақырамыз. Бұл мақсатқа жету жолындағы ұсыныстар мен келіссөздер ЯҚТК-ның бірінші конференциясының қорытынды құжаттарынан көрінісін табады», – деді ол өз мақаласында.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл ізгілікті істің соңына жетудің жолында амбициялық мақсаттардан құралатын саяси және техникалық кедергілердің көп болатынын жақсы түйсінеді.
«Енді бұл бағыттағы практикалық жұмыстарға кірісу қажет деп есептейміз», – деді Сыртқы істер министрі соңынан.