Ақша үшін адамдар жерленген жерді сатқаннан ешқандай жақсылық болмайды
Атырауда бір ғасыр адам жерленген орынға көпқабатты үй салынғалы жатыр. Ал қала тұрғындары зират орнына құрылыстың жүргізілуіне наразылық танытты.
Құрылыс басталайын деп жатқан жерден 2019 жылы жұмысшылар адамның бас сүйектері мен қаңқаларын тапқан. Содан кейін қазба жұмыстары жүргізіліп, он адамның бас сүйегі шыққан еді. Әлі талай адамның қаңқасы көмулі жатуы мүмкін. Өйткені жақын маңда бұрынғы тергеу изоляторы орналасқан. Білетіндердің айтуынша, онда 100 жыл бұрын нақақ атылып кеткен азаматтар жерленгенге ұқсайды.
Алайда әкімдік ол жерді 2020 жылы жол салумен айналысатын «АтырауИнжСтрой» ЖШС-не сатып жіберген.
Бұл жерге сауда кешені бар көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Барлығы заңды, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал бұл шешімнің аруақтарды қорлау екенін айтқан қаланың байырғы тұрғындары болашақта оның зардабын тағы да қарапайым халық тартады деген сенімде.
«Ақша үшін адамдар жерленген жерді сатқаннан ешқандай жақсылық болмайды. Керісінше, тарихи жерді қорғап, қайта гүлдендіруге болмай ма? Әруақтардың үстіне үй салса, кейін жамандық болады. Ол адамдарды қинап өлтірді. Жандары қиналып, қалай болса солай жерленді», - дейді зейнеткер Вячеслав Анатолийович.