Ауыр атлеттеріміз 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль алды
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 1-орын алды. Бұл туралы Prosports.kz сайты хабарлады.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 11-18 маусым аралығында Мексиканың Леон қаласында өткізілген еді. Дүбірлі додада қазақстандық ауыр атлеттер 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иегері атанды.
Әлем чемпионатында ел құрамасынан Ерасыл Сәулебеков (67 келі), Едіге Емберді (73 келі), Денис Полубояринов (80 келі), Никита Абдрахманов (102 келі) жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Ал Надежда Ли (62 келі) күміс алса, Александра Беленко (40 келі) және Ерасыл Омаров (55 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен, жалпыкомандалық есепте Қазақстаннан кейін Колумбия мен Түркия құрамалары үздік үштікке жайғасты.