Нұрлан Мәсімов қызметінен босату туралы өзі баянат жазған
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімов Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды.
Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының міндетін полиция полковнигі Қайыров Жасқайрат Иманбекұлы атқарады.
Нұрлан Мәсімов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере бауыры.
Нұрлан Мәсімов 2019 жылдың қарашасында Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығы болып тағайындалды. Оған дейін Алматы облысында Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, Ішкі істер министрлігінің Жетінші департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.
6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Одан бөлек, ҰҚК-ның бұрынғы басшысына қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген бап бойынша да тергеу басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды.